Красный Ярдағы №3 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Жандос Жанат Сочиде өткен «Народные истоки» ұлттық мәдени және фольклор байқау-фестивалінен жүлдемен оралды. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Жас орындаушы бұған дейін де бірқатар республикалық жарыстарда лауреат атанған. Сочидегі байқауда Жандос Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» және итальяндық әнші Лабертино Лореттидің репертуарындағы «Джамайка» әндерін орындады.
Алыс және жақын шет елдерден келген 1000-ға жуық қатысушы өнер көрсеткен халықаралық байқауда Жандос өзінің табиғи даусымен, кең диапозонымен ерекше көзге түсті. Бірнеше күнге созылған байқау-фестивалінде қатысушылардың жас ерекшелігі мен кәсіби шеберлігіне шектеу қойылған жоқ. Әуесқой және кәсіби музыканттар мен өнер ұжымдары қатар қатысты. Жандос 13-15 жас аралығындағы орындаушылардың арасында «Орындау шеберлігінің жоғары мәдениеті үшін» номинациясы бойынша І орынды иеленді.
Жандостың репертуары халық әндеріне бай. Даусына сай келетін шығармаларды таңдауда, күнделікті дауыс жаттығуларын жасап, дауысты қоюда бағыт-бағдар беретін ұстаздарының бірі – 25-жылдан бері аталмыш білім ордасында еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаз, талай жас өнерпаздың дарынына қанат бітірген Гүлнәр Садықова.
Жас әнші мектептен тыс уақытта Красный Ярдағы Мәдениет үйіндегі вокал үйірмесіне де қатысады. Айта кету керек, Сочидегі халықаралық байқауға қатысуға мүмкіндік беріп, демеушілік көрсеткен де – аталмыш өнер ордасы.
Әйгерім Бекмағамбетова, Дархан Сағын