Ақмола өңірі ежелден ән-жырдың бесігі атанған өнерлі өлке. Солардың бірі - Манарбек Бексейітов. Ол Ақмола өңірінде ең алғаш қазақ оркестрінің негізін қалаған. Сондықтан, дарынды өнер иесінің құрметіне жергілікті өнерпаздар алғаш рет облыстық «Жас музыканттар» байқауын ұйымдастырды. Дарынды балаларды қолдауға, шығармашылық қабілеттерін кеңейтуге бағытталған шарада 100-ден аса өнерпаз бақтарын сынады.

Байқауда 5 пен 17 жас аралығындағы өнерлі жеткіншектер 8 мамандық бойынша, яғни фортепиано, шекті, үрлемелі, соқпалы аспаптарда ойнап, академиялық және эстрадалық вокалдағы қабілеттерін көрсете білді. Сонымен қатар, облыстық сайыста балғын музыканттар өз дайындықтарын, өнер жолындағы таңдаулары мен әртістік өнерлерін де паш етулері тиіс.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан жас өнерпаздар домбыра шертіп, қобыз тартты. Жетігенде ойнап, жиылғандарды өнерімен тамсандырды. Облыстың түрлі өнер мектептерінен келген дарынды оқушылар бақтары сыналып жатқан байқауға қатысқанына қуанышты. Бұл сында бас жүлдеден үміттіміз,-дейді олар. 

Байқау соңында жеңімпаздар анықталып, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап өтерлігі, жеңіс төріне шыға білген балғын өнерпаздарға бұл байқау Біржан Сал атындағы музыкалық колледжде өз білімдерін одан әрі шыңдауға бірден-бір жолдама болмақ,-дейді байқау ұйымдастырушалары.

Айгүл Мырзағұл, Сабыр Құлатай, Василий Вережников