Ағымдағы жылдың басында Облыстық тарихи өлкетану мұражайында «Қазақтың ұлттық киімі және тігін ісінің дәстүрлері» атты инновациялық жобасы бастау алған болатын. Жыл бойы мұражай қызметкерлері өңірдің мектептерінде, орта және жоғары оқу орындарында аталмыш тақырыпта ғылыми семинарлар, көрмелер мен шығармашылық алаңдар өткізді. Осы атқарылған ілкімді істердің нәтижесін қорытындылау мақсатында арнайы іс-шара  ұйымдастырылды.

Атадан балаға мұра етілген қазақтың ұлттық киімдерін сақтап қалу және оларды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға өңірдің оқушылары мен студенттері, жеке кәсібі бар тігіншілер мен ұсталар атсалысты.  Яғни, олар 19 ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басында киілген дәстүрлі ұлттық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, көрермен қауымның назарына ұсынылған еді. Жобаның жабылу рәсімінде сол ұлттық киімдерден арнайы дефиле ұйымдастырылды. Мәселен, бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол кисе, бозбалалар жігіттің киіміне тән элементтерден тұратын пішімі молдау, шалбары кеңдеу болып тігілген киімдерді көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар, шара барысында күмістен жасалған ескі бұйымдарды қайта қалпына келтіруге, дәстүрлі үлгідегі киім тігу әдісі мен кесте тоқу ісіне аса мән беру қажеттігі айтылды. Яғни, шараға шақырылған суретшілер, мамандандырылған тігіншілер мен шеберлер шеберлік сағаттарын өткізді.

Сондай-ақ, мұражай қызметкерлерінің айтуынша, ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақтың ұлттық киімдерінің 100-ден астамы мұражай қорында сақталған. Солардың ең үздік деп танылған 30-ын жуырда шығатын ұлттық киімдер каталогына енгізбекші екен. Оны көрем деушілер келесі жылдан бастап-ақ мұражайға келіп, каталогқа енгізілген қазақы дәстүрде сақталған ұлттық киімдердің куәсі бола алады.  

Айгүл Мырзағұл, Арман Балберген