Алашорда көсемдерінің тұлғасын насихаттау өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеудің ұтымды жолы. «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы осы мақсатта Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырды.

«Алты Алаштың көсемі» атты әдеби кеш қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың қызметі мен өмір жолын насихаттауға арналған. Мұндай шара арқылы біздер жас жеткіншектердің патриоттық сезімін арттыруды көздеп отырмыз, - дейді облыстық «Жас ұлан» ұйымының өкілдері.

Шара барысында жоғарғы оқу орындарының оқытушылары Әлихан Бөкейхановтың Алаш қамы үшін атқарған қызметінен көпшілік біле бермейтін бірқатар қызықты деректер келтірді. Филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Ыдырысұлы Әлихан Бөкейханов Абай мұраларының алғашқы жинақтаушысы болғанын айтады.   

Әдеби кеш аясында өңірдің мектеп оқушылары арасында өткен шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталып, жас жеткіншектердің Әлихан Бөкейханов тұлғасы жайлы толғаныстары шағын жинақ ретінде көпшілік назарына ұсынылды.  

А.Манарбекұлы, С.Құлатайұлы