ДИКТОР: Кітап сүйер қауым үшін жағымды жаңалық. Этнограф-тарихшы, өлкетанушы, тәржімашы-ғалым Қарта Қаңтарбаевтың жазба деректерінен алынған «Балуан Шолақ туралы әңгімелер» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл туындыны облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері баспаға дайындап шығарған.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Кітапта қазақтың әйгілі перзенті - әнші-композитор, балуан әрі сері, Балуан Шолақ Баймырзаұлы туралы ел аузынан жазып алынған әңгімелер мен өлеңдер топтастырылған. Сондай-ақ, Балуан Шолақтың қызы Бәтен жайлы тың деректер де қамтылған.

СНХ: АЛМАС ТЕМІРБАЙ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Көп адам біле бермейтін шығар, Қарта Қаңтарбаев деген өткен ғасырда өмір сүрген адам. Мысалы Қарта Қаңтарбаев Балуан Шолақтың баласы Құдайбергенмен кездескенде, Құдайберген айтады: «Менің әкем 1856 жылы туған " дейді. Ал біз ол кісіні 1864 жылы туған деп жүрміз. Мысалы келесі жылы 170 жылдығы тойлану керек, ал біз былтыр 160 жылдығын тойладық. Сондай бір тың деректер бар. Жақсы әңгімелер бар, кезінде Қарта ел аузынан, көзі көрген, естіген адамдардан осы деректерді жинап алған.

РКС: Шараға зиялы қауым өкілдері мен мәдениет майталмандары қатысты. Кештің құрметті қонақтарының бірі - Балуан Шолақтың туған немересі Шайдолла Шолақов. Ол атасының өмірі мен өнеріне қатысты естеліктерімен бөлісті.

СНХ: ШАЙДОЛЛА ШОЛАҚОВ, БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ НЕМЕРЕСІ: Балуан Шолақ тек қана менің атам емес, бүкіл қазақ елінің атасы ғой. Балуан Шолақ туралы зерттеп шығарған азаматтар, жазушылар елімізде көп қой. Солардың арасында ерекше тұрған Марат Нәбиев ағамыз. 1985-ші жылдан бастап, өмірбаянын зерттеп, біздің әулетпен танысып, туған ағамыздай болып кетті. Енді бүгін Қарта Қаңтарбаевтың жазбалары табылып, аяқ астынан, өзім де шынымды айтсам бір жағынан қуанып келдім, бір жағынан қандай жазбалар, не шығады екен деп. Енді ағамыздың жазбаларын Көкшетауда азаматтар бар екен, солар жинақтап жазбалары кітап болып шықты.

РКС: Кеш барысында Балуан Шолақтың " Балуан Шолақ", "Ғалия" атты әндері де шырқалып, шараға жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Кітаптың баспадан жарыққа шығуы - қазақ тарихының тың беттерін ашып, өскелең ұрпаққа өнеге болатын істердің бірі. Бүгінгі шара - өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Рухани мұраны дәріптеп, тарихи шындықты ұрпаққа жеткізу - әр азаматтың борышы. Қазақтың асыл мұраларын жаңғыртуға бағытталған бұл кітап алдағы уақытта республикалық мұражайлар мен кітапханалардан орын алмақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ