ДИКТОР: Сәуірдің 1-нен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025-2026 оқу жылына құжаттар қабылдау басталды. Үміткерлер өтінішті онлайн форматта «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы бере алады.
РКС: Мемлекеттік басқару академиясы 12 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Оның ішінде 9-ы магистратура, ал 3-еуі докторантура деңгейінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар мемлекеттік басқару жүйесі үшін жоғары білікті, заманауи талаптарға сай кәсіби кадрларды даярлауға бағытталған. Биыл оқу бағдарламасына «Цифрлық мемлекеттік басқару» мамандығы қосылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптар да өзгертілді.
СНХ: ЕРЖАН ЖАРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды. «MPA – Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде 5 жыл, «MPP – Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі. Ақылы негізде оқуға түсу талаптары нақтыланды.Енді ақылы бөлімде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері де оқи алады. Білім беру бағдарламаларына ерекше талаптар енгізілді.
РКС: Айта кетейік, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 120, ал докторантураға 12 грант бөлініп отыр. Құжаттарды қабылдау маусымның 25-іне дейін жалғаспақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ