ДИКТОР: Егіндікөл ауданында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Назымбек Құттыбаевты еске алу рәсімі өтті. Ардагердің туғанына 100 жыл толуына орай немерелері волейболдан ашық турнир ұйымдастырды. Жарысқа Астана қаласынан, Астрахан, Зеренді, Целиноград және Егіндікөл аудандарынан алты ерлер командасы қатысты. Ардагерлер кеңесінің мүшелері аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясының қатысушысы Назымбек Құттыбаевтың есімі ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтіп, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Турнир тартысты өтті. Волейболшылар ойынның жоғары деңгейін, командалық рух пен жеңіске деген жігерін көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша Целиноград ауданының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Зеренді ауданының командасына бұйырды. Егіндікөл ауданынан келген команда қола жүлдені жеңіп алды. Жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Барлық жеңімпаздар естелік кубоктар, медальдар және ақшалай сыйлықтарға ие болды.