ДИКТОР: Биыл республикалық, облыстық бюджеттерден және Ұлттық қордан тұрғын үй құрылысын дамытуға 9 млрд. 400 млн теңге бөлінді. Осылайша көппәтерлі 33 тұрғын үй құрылысы жалғасады. Барлығы 665 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында құрылыс саласындағы проблемалық мәселелер, жай-күй мен даму перспективалары талқыланды.
РКС: Отырыста депутаттар мен жауапты ведомство өкілдері құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды. Мердігер ұйымдар сапаға жауап беруі тиіс. Нысанды тапсыру кестесін бұрынғыдай өзгертуге болмайды. Қазір жұмыстың барлық кезеңі заңнамаға және қаржы түсіміне сәйкес жүргізіліп жатыр.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Барлық мердігер ұйымдар бойынша талап-арыз және сот жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұрындары кесте мерзімі негізсіз ұзартылатын. Қазір ондайға жол берілмейді. Жұмыс кестелері нақты негізделген жағдайларда ғана ұзартылады. Қазір барлық мерзім қатаң реттелген. Мердігерлер жобаларды уақытылы аяқтауға мүдделі, өйткені кешіктірілген жағдайда айыппұл салынуы мүмкін. Жалпы, бюджеттен тыс қаражат тарту жобаларды іске асыруға оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, заңнамаға енгізілген өзгерістер, соның ішінде мемлекеттік сатып алулар туралы заң да қосымша қолдау көрсетіп отыр.
РКС: Халық қалаулылары мердігерлердің сапасыз орындаған жұмыстары, сақалды құрылыстар, салынып жатқан нысандардың жеткіліксіз қаржыландырылуы, техникалық және авторлық қадағалаудың жоқтығына қатысты мәселелерді көтерді.
СНХ: ОЛЖАС ЖАҒЫПАРОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Шын мәнінде, өкінішке қарай, біз жағымсыз үрдісті байқаймыз. Қоғамдық бақылау барысында депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше рет техникалық және авторлық қадағалаудың жүйелі түрде жүргізілмейтінін анықтады. Жұмыстың сапасына және жұмыс кестесінің жиі бұзылатынына қатысты мәселелер де бар. Осыған орай біз "Amanat" партиясы мен қоғамдық кеңес арқылы партиялық бақылау бекеттерін ұйымдастыра аламыз.
РКС: Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы жоспардан тыс тексерулер тек нақты дәлелдер мен растайтын материалдар болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтті.
СНХ: БАХЫТБЕК ОСПАНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 4-тармағына сәйкес жүргізіледі. Яғни, бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру.
РКС: Былтыр мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс 140 тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша заңсыздықтарды жоюға қатысты 113 ұйғарым берілді. Айта кетейік, жыл сайын орта есеппен 9 проценттей ғана құрылыс нысандарына мониторинг жүргізіледі. Салынып жатқан 1500-ден астам нысанның 100-ден астамы ғана тексерілді. Басқармада штатта 8 ғана құрылыс инспекторы бар. Ол аймақты толық әрі уақтылы қамту үшін жеткіліксіз.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ