ДИКТОР: 22 сәуір - бүкіл әлемде Жер күні атап өтіледі. Бұл күн - табиғатқа қамқорлық жасау қажет екенін еске салатын халықаралық мереке. Осы орайда өңірде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық іс-шаралар, сенбіліктер мен ақпараттық науқандар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

РКС: Облыстық экология департаменті атмосфералық ауаның, судың және өнеркәсіптік шығарындылардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсер ететін кәсіпорындар ерекше бақылауда.

СНХ: АЙНҰР БАЖЫРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бірінші санатқа жататын 100-ге жуық кәсіпорын мен нысан бар. Олар негізінен қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін тау-кен және тау-кен өңдеу өнеркәсібі. Жылу энергетикасы саласындағы кәсіпорындар да бар. Оған Степногорск жылу-электр орталығы, «Көкшетау Жылу» мемлекеттік кәсіпорындары жатады. Бұл екеуі өңірдегі ең ірі кәсіпорын. Олар қоршаған ортаға ең көп шығарынды шығарады. Мысалы, Степногорск жылу-электр орталығы ауаға жылына 12 мың тонна лас қалдық шығарады. Сондай-ақ бұл орталық Қазақстанның жалпы тізімге енген ТОП-50 кәсіпорынның қатарында.

РКС: Мамандар қазіргі тұста өңірде бірқатар өзекті экологиялық мәселе бар екенін атап өтуде. Оның ең бастысы - рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жетіспеушілігінен туындап отырған мәселе.

СНХ: ОЛЖАС ҚАРПЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қазір облыста тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салуға және күтіп ұстауға арналған 130 жер телімі бар. Тек соның 25-інде ғана тиісті экологиялық рұқсаты бар. Сондықтан бұл мәселе рұқсат етілмеген қоқыс үйінділердің пайда болуына әкеліп соқтырып отыр. Былтыр «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы ғарыштық суреттерінің қорытындысы бойынша рұқсат етілмеген жерлерге қалдықтар үйілген 535 орынды анықтады.

РКС: Айта кету керек, қазір бұл мәселені шешу үшін «ДАМУ» және «Жасыл даму» қорлары қаражат бөлуде. Мәселен, Көкшетау қаласында, сондай-ақ Зеренді және Бурабай аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін және сұрыптайтын үш кешеннің құрылысы жоспарланған.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБЕЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ