2017-ші жылы өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі аясында елімізге 7 миллионға жуық туристер келеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ауқымды шараға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ақмола облысында «ЭКСПО» қатысушыларына арналған туристік жоспар әзірленді. Онда қонақтар баратын негізгі орындар көрсетілген. Оның ішінде, Қазақ жерінің жауһары саналатын – Бурабай курорттық аймағы да бар. Ақмола облысындағы туризм саласын дамытуға қатысты осы және өзге де мәселелер «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды.
Ақмола облысы туристік әлеуеті жағынан республика бойынша алдыңғы орындағы аймаққа жатады. Өңірде туризмді дамытуға арналған барлық инфрақұрылымдар бар. Қазіргі таңда 300-ден астам демалыс нысандары жұмыс істеуде. Олар элиталы, адамдар көп келетін және балаларға арналған орындар болып бөлінеді. Жазғы мезгілдің өзінде 500 мыңнан астам шетелдік қонақтарға қызмет көрсетіледі. Ал, жыл бойы бір миллионға жуық турист өңірдің ғажайып жерлерін аралауға мүмкіндік алады.
Туризм саласының жанданғаны дұрыс. Десе де әлі де өңірдің туризм саласындағы қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Бағалары қарапайым халыққа тым қымбат. Мәселен, бір ғана Бурабай курорттық аймағындағы демалыс орындарының бағасы алыс-жақын шет елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ел азаматтарының көбі Түркия жеріне демалуға аттанады. Орташа есеппен 150 мың теңге шамасында ұшақпен барып-келу, жатын орны мен тамақтануға әбден болады. Сондықтан жерлестеріміздің көбі қыруар ақшасын сыртқа шашуға мәжбүр. Бұл өңірдің туризм саласын дамытуға айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан, демалу құнын келушілерге барынша тиімді етіп, тарихи-мәдени туризмді дамытуға да баса назар аударған жөн.
Туризмді дамытуға сүбелі үлес қосатын аймақта 3 ұлттық табиғи парк бар. Солардың бірінде туристерге көрсететін 700-ден астам бағалы бұйымдар бар көрінеді. Бірақ, сырттан келген туристке ұлттық жәдігерлерді дәріптеп, жан-жақты баяндауға жауапты кім? Оны өңірге алғаш қадам басқан турист қай жерден іздеп табады? Бұл бағыттағы жұмыс мүлдем жүргізіліп жатқан жоқ. Ақмола өңірі табиғаты әсем жерлерімен Қазақстанға әйгілі. Десе де, Ақмола мен Көкшетау десек, тек есімізге Бурабай ғана түсетіндігі неліктен? Сандықтау мен зерлі Зеренді, қызыл кітапқа енген қоқиқаздарымен әйгілі Қорғалжын өңірлерінде туризмді дамытуға назар аударылып жатқан жоқ. Өңірдегі туризмді дамытудағы өзекті мәселелердің бірі – мамандардың жетіспеушілігі. Жыл сайын облыс орталығындағы жоғары оқу орындарынан 50 мыңнан астам маман бітіріп шығады. Десе де, олардың көпшілігі шет тілдерін жеткілікті меңгермеген. Қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі туризм менеджерлерін дайындау мәселесі де өткір тұр.
Нұргүл Нұрбайқызы, Бауыржан Смағұлов.