Көкшетауда үш күнге созылған «Дидар» театр өнерінің 2-ші халықаралық фестивалі қорытындыланды. Шарада еліміздің әр түкпірінен және шет елдерден келген студенттер мен театр жастарының шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен. Жастардың сахналық шеберлігіне баға берген қазылар алқасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, фестиваль жайлы әңгімелеп берді.

Театр өнерін жетілдіруге арналған халықаралық фестивальге барлығы 80-ге жуық шығармашылық ұжым келген. Олар 16 номинация бойынша сынға түсті. Әрбір қатысушы фестивальге үлкен дайындықпен келіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткен. Ақмолалық жастар да  сахнада шеберлік танытып, қазылар алқасының ерекше бағалауына ие болды. Әсіресе, «Үздік әйел рөлі» номинациясында үздік деп танылған Арайлым Қырғабекованың шынайылығы мен  образдарды дәл сомдауы жиналғандарды еріксіз таң қалдырған. Қазылар алқасының айтуынша, бұл жолғы фестиваль көптеген талантты жастың тұсауын кесіп, өнер атты үлкен өмірге жол бастап берді. 

Оразәлі, Ақжарқын-Сәрсенбек, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

- Мен кеше болған кездесуде студенттерге айттым: «Айналайын, менің кішкентай бауырларым, осы күнге жеткен сендер – өте бақыттысыңдар» - деп. Біз де осыны күттік, аңсадық. Осыны іздедік. Бірақ, біздің кезімізде мұндай болған жоқ. Қазір біздің мүмкіншілігіміз бар. Егеменді еліміздің арқасында енді өнерді дамыту керек. 

Халықаралық фестивальге қатысуға Ресей Федерациясының Марий Эл Республикасынан да арнайы дегегация келді. 12 студенттен құралған шығармашалық ұжым өнерлерін ортаға салып, лайықты марапатқа ие болды. Олардың айтуынша, өнерпаздарды анықтайтын бірегей жобаны дәстүрлі түрде өткізіп, әрі қарай өрісін кеңейте түсу керек.  

Алексей Клёнов, РФ Марий Эл Республикасының өкілі:

- Бұл фестивальдің ерекшелігі  - мұнда студенттер мен театр жастарының шығармашылық ұжымдары біріктірілген. Әрбір қойылым білікті мамандармен бағаланды. Келесі жолы Мәскеудің театр сыншыларын шақырсақ па деп отырмыз. Осындай біріккен жобалар жастардың өнеріне серпін береді. 

Кездесу соңында, Қазақстан мен Ресей тараптарының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Онда шығармашылық байланыс, тәжірибе алмасу және театр өнерін жетілдіру жөнінде айтылады. Сондай-ақ, фестивальдің өтуіне зор үлес қосқан өнер майталмандары алғыс хаттармен марапатталды. 

Нұргүл Нұрбайқызы, Арман Балбергенов