Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясында қабылданған «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде еліміздің әрбір тұрғыны үшін түсінікті, әрі ең қымбат ақиқаттар айтылады. Бұл отбасымыздың амандығы, қонақжайлылық пен  еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары. Ассамблея сессиясына қатысып келген ақмолалық делегаттар Елбасы саясатын қолдап отыр. Олардың пікірінше, әрбір қазақстандық бейбітшілік пен келісім идеясын ұстанған «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің жүзеге асуына өз үлесін қосуы керек. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде, еліміздің– бейбітшілік пен бірліктің мызғымас үлгісі екеніне ерекше көңіл аудара отырып, басқа елдерде соңғы кездері орын алып жатқан тұрақсыздықтың, Қазақстан аумағында тыныштықты сақтаудың маңыздылығының арта түсетінін алға тартады. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары Елена Мащинская сессияға осымен 4-ші мәрте қатысып отыр. 

ЕЛЕНА МАЩИНСКАЯ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ  АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Мәңгілік ел» патриоттық актісі 7 идеядан тұрады. Бұл бейбітшілікті нығайту, қонақжайлылық, еңбексүйгіштік, өз Отанын қорғау және тілді дамыту. Сонымен қатар білім беру саласын дамытуға, инновациялық әдістерді енгізуге, ғалымдарға қолдау көрсетуге, ең бастысы қазақстандықтардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұның бәрі, Мәңгілік ел идеясын ұстанған біртұтас халықтың мыңдаған жылдар бойы өмір сүруі үшін жасалып отыр. 

Бибінұр Әмірханқызы, Наталья Анфимова, Дархан Сағын