ДИКТОР: Көкшетауда жас жол инспекторларының қалалық слеті өтті. Жыл сайын игі дәстүрге айналған шараға 100-ден астам мектеп оқушысы қатысты.

РКС: Жас қозғалыс инспекторларының слеті осымен 25-ші рет ұйымдастырылып отыр. Аталған шараға қаланың білім беру ұйымдарының оқушылары 9 кезеңде бақ сынасты.

СНХ: МАРАЛ ӘЛЖАППАРОВА, «ӘУЛЕТ» МЕКТЕПТЕН ТЫС ЖҰМЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Балалар «Жас реттеуші», «Жас эрудит», «Мәнерлеп жүргізу», үгіт бригадаларының байқауы, «Ашық үзіліс» кезеңінде сайысып жатыр. Слет қорытындысы бойынша жеңімпаз команда республикалық сайыста облыс намысын қорғайды.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай байқаулар жасөспірімдердің жол қауіпсіздігі туралы білімдерін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға оң әсер ететінін айтады. Сайысқа қатысқан 17 команданың әрқайсысында 7 қатысушыдан бар. Бәрі жеңістен үмітті.

СНХ: ЖАНЕЛЬ ҚАЙЫРКЕЛДІ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Осы сайысқа өте көп дайындалған жоқпыз, бірақ осы сайыстан күтетін әсерлерім өте үлкен. Осы сайыстан біз жүлделі орынға ие боламыз деп үміттенемін.

СНХ: АЛЕКСАНДРА ЛОШКОМОЙНИКОВА, №14 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Осы сайысқа мықты дайындалдық. Қатты толқып тұрмыз. Жеңіске жетеміз деп үміттенеміз. Мұнда өте қызықты конкурстар өтіп жатыр. Маған велосипед тебу кезеңі ұнайды.

РКС: Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының құрамы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ал техникалық мектеп-лицейінің командасы екінші орынға ие болды. №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясы үздік деп танылды. Айта кетейік, енді олар тамыз айында Өскемен қаласында өтетін республикалық слетке қатысады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.