ДИКТОР: Отбасы құндылығын ұлықтайтын, бірлік пен татулықты дәріптейтін ерекше мереке қарсаңында біздің түсірілім тобы үлгілі, берекелі әулеттің бірі – Темірболатовтар шаңырағына барып қайтты. Сәния Есімсейітова баяндасын.

РКС: Қарапайымдылық пен бірлікті күнделікті принциптеріне айналдырған Темірболатовтар әулеті – бүгінде көпке үлгі боларлық үлкен отбасы. Қара шаңырақта үш буын тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірлік пен берекенің үлгісін көрсетіп келеді. Әулеттің тірегі – Қабидолла ата мен Орынбасар апаның отау құрғандарына жарты ғасырдан асқан. 50 жыл - бұл отбасының берекесі мен мызғымас бірлігінің айғағы.

СНХ: ҚАБИДОЛЛА ТЕМІРБОЛАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Кемпірімізбенен 1973 жылы екеуміз қосылдық, міне 52 жыл тұрып жатырмыз. Төрт ұл, бір қызымыз бар. Олардан тараған 20 шақты немерем бар. Алты шөберем бар.

СНХ: ОРЫНБАСАР ТЕМІРБОЛАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Екеуміз бірге 5 баланы тәрбиелеп өсірдік, ұрыс болмайды емес, болады. Оның бәрін кешіре білу керек. Екеуміз елу жыл тұрып жатырмыз. Мынау немерелердің бәрін бағып-қағып, мектепке дейін өзім өсіріп бердім. Ұрыс-керіс те бәрі де болады. Тек жақсылық болсын. Осы балаларымыздың қызығына тоймай жүрейік

РКС: . Осыдан тура 21 жыл бұрын шаңырақ көтерген Зейнолла мен Маржангүл бүгінде алты баланың ардақты ата-анасы. Отанасы күміс алқа иегері. Отағасы Зейнолла автожанармай құю станциясында оператор болып еңбек етсе, отанасы Маржангүл – 25 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі. Шәкірт тәрбиелеп, ұрпаққа білім нәрін сеуіп келе жатқан ұстаз . Жыл сайын 15 мамыр – Отбасы күнін ерекше ықыласпен атап өтіп, мерекелік дастархан басында бас қосу олар үшін дәстүрге айналған. Бұл күні ата мен әженің ақыл-кеңесі тыңдалып, әр отбасы мүшесі бір-біріне деген алғысын білдіреді.

СНХ: МАРЖАНГҮЛ ТЕМІРБОЛАТОВА, КЕЛІНІ: Әрдайым жолдасым мені қолдайды. Жұмыста болса да, үйде болса да әрқашан көмектеседі. Былтыр "жыл мұғалімі" деген сайыс өтті, сол жерде мен бірінші орын алдым. Ол жерде мен жалғыз қатысқан жоқпын, отбасымызбен қатыстық. Балабақшада да бір сайыстар болса атам жасына қарамастан қатысады, үлкен рахмет осы кісілерге. Олардың жолын бізге берсін.

РКС: Әулеттің тұңғышы 20 жаста. Ол бүгінде ел қауіпсіздігін күзететін полиция қызметкері. Ал кенжесі – 5 жаста, балабақшаға барады. Балдәурен балалықтың қызығын көруде. Темірболатовтар әулетінің әр мүшесі өз орнын тауып, қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Бұл отбасының басты құндылығы – өзара сыйластық пен қамқорлық. Отбасы – қоғамның тірегі. Бұл әулет соның айқын дәлелі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ