ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірде 2 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 процентке жоғары. Оның ішінде 807 қылмыс ауыр санатқа жатқызылады.
РКС: Өңірдегі қылмыстық фактілердің көбеюі 26 күдікті қатысқан ауқымды алаяқтық қылмысын тергеумен байланысты. Қазіргі уақытта тергеу барысында қылмыстық іс бойынша 452 эпизод анықталған. Ал жәбірленушілердің саны 450-ден асады. Әр жәбірленушіге қатысты жеке қылмыстық іс қозғалған, бұл өз кезегінде статистикаға айтарлықтай әсер етті.
СНХ: ЕРБОЛАТ ЖҮСІП, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде кең ауқымды қылмыстық схема әшкереленді. Тергеу барысында Зеренді ауданының бірнеше тұрғыны белгілі бір уақытта Алматы қаласына жеткізілгені анықталды. Ол жерде оларды сыртқы келбетіне дейін ретке келтіріп, бір мезгілде түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге жалған түрде жұмысқа орналастырып, зейнетақы аударымдары жүргізілген. Кейін сол азаматтардың атына бір күнде бірнеше несие рәсімделген. Алынған қаражаттың аз ғана бөлігі жәбірленушілерге төленіп, кей жағдайларда мүлде берілмеген, олар кері қайтарылған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 263-бабы — «Қылмыстық топты ұйымдастыру» фактісі бойынша да іс тіркелді.
РКС: Бүгінде өңірде интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы күреске айрықша назар аударылуда. Жыл басынан бері облыс бойынша осы санаттағы 867 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
СНХ: ЕРБОЛАТ ЖҮСІП, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл жалған қоңыраулардың аномальды ағымын және бір аймақта СИМ-карталардың тіркелуін талдау нәтижесінде СИМ-бокс құрылғысының орналасқан жері анықталды.СИМ-бокс дегеніміз не? Бұл көптеген СИМ-карталарды біртұтас басқаруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен. Әдетте ол оператордың тарификациясын айналып өту үшін, көбінесе алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында пайдаланылады. Мәселен, Ресей азаматы, СИМ-боксты Көкшетау қаласына әкеліп, пәтер жалдап, құрылғыға 128 Теле-2 ұялы байланыс операторының СИМ-картасы орнатқан. Осы СИМ-бокс арқылы құрбандарға қоңыраулар жасалып, СМС-хабарламалар жіберілген.
РКС: Ұйымдасқан қылмыс түрлеріне де ерекше назар аударылуда. Бурабай ауданында адамдарды зорлық-зомбылық арқылы қарыз алуға мәжбүрлеген қылмыстық топтың мүшесі сотталды. Степногорск қаласында үш күдікті қала тұрғындарынан техника мен ақша талап еткен. Мамандар азаматтарды сақ болуға және кез келген заң бұзушылықтар туралы дереу хабарлауды сұрайды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ