ДИКТОР: Ұлттық сахна өнерінің қаймағын бұзбай, дене қимылы арқылы көркем образдарды бейнелеп жүрген би ансамбльдері Ақмола өңірінде санаулы. Соның бірі әрі бірегейі – «Гәкку» би ансамблі. Ақмола облысындағы жалғыз кәсіби өнер ұжымы. Өзіндік орындау мәнері бар би ұжымы көременін қуантты. Ансамбльдің бұл жолғы есептік кеші Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ерекшеленді.

РКС: «Гәкку» би ансамблі 2007 жылы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының жанына құрылды. Кәсіби мәртебеге ие ансамбльдің репертуары да әралуан. Қазақтың және әлем халықтарының 50-ден астам биі бар. Би ұжымы репертуарын жыл сайын өзгеше қойылымдармен жаңартып отырады. Бүгінде Гәкку киелі Көкшенің атын әлемге әйгілі етті. Талай халықаралық додада биіктен көрінді. Алыс-жақын шетелдегі әріптестерімен де тығыз шығармашылық байланыста. Осы жолғы есепті концертке өнердегі әріптестері Әзірбайжанның мемлекеттік ансамблі мен Бішкек хореографиялық училищесі өздерінің бірнеше қойылымын сыйға тартыпты.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ГҮЛМИРА ОРДАБАЕВА, «ГӘККУ» БИ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі концерттің бір ерекшелігі, біз бүгін қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің ұжымның ерекшелігі де осында дер едім. Оркестрдің жанды сүйемелдеуімен жұмыс істейміз. Біздің әр қойылымымыз үшін музыка әдейілеп жазылады. Бұл үлкен абырой. Ырғақ, кейбір акценттер кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Сондықтан оркестрге, оның жетекшісі, маэстро Жанат Абайұлына алғысымыз шексіз.

РКС: Концертте «Гәккудің» ізін басып келе жатқан «Аманат» би мектебі де өнер көрсетті. Құрылғанына 3 жылдай ғана болған. Аз ғана уақыттың ішінде балауса би ұжымы да көптеген республикалық және халықаралық байқаудың биігінен көрініп үлгерген.

СНХ: АЙДАНА ШӘКЕНОВА, «ГӘККУ» БИ АНСАМБЛІНІҢ БИШІСІ: Мен ансамбльде 7 жыл қатарынан жұмыс жасап келе жатырмын. Бұл ансабльге ұстазым арқылы келдім. Ордабаева Гүлмира Мерғалиқызы. Кезінде осы ансамбльдің әртістеріне қызығып, солар секілді болғым келіп, келген болатынмын. Қазір ғана өзіміздің есептік концертімізді аяқтап біттік. Біздің тұрақты көрермендерімізге көптен көп рахмет, бізді қолдап келгендеріне.

СНХ: АҚМАРАЛ НҰРҒОЖИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қызым Динара «Гәкку» ансамблінде осында істеп жүр, 1 жылдан асты. Соған бүгін қолдап келіп отырмын. Би бағытын, өнерді өзі таңдады. Биі де ұнайды. Қыздары да жақсы. «Гәкку» ансамблінің қойылымдары да керемет. Өте жақсы.

РКС: Ансамбльдің өнеріне тәнті болған көрермен көпке дейін сахнадан жібергісі келмеді. Шығармашылық ұжымның құшағын гүлге толтырды. Ал бишілер тұрақты қолдаушыларына құрмет пен ризашылығын бас ию арқылы ізет білдірді. Қазақ қыздарының парасаттылығын, мәдениеттілігін бір ғана бидің астарымен сомдап, сахнада ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген бұл ұжым би өнерінің дамуына әлі де зор үлес қоса бермек.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ