Жасыл экономиканың негізі-орман
ДИКТОР: Ақмола облысында орман шаруашылығы табиғи ресурстарды қорғау мен жасыл экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Өңір аумағының шамамен 3 пайызы орманды алқаппен көмкерілген. Ал облыстың жалпы орман қоры 1 миллион гектардан аса аумақты алып жатыр. Соның 23 мыңға жуық гектары Бұқпа орман шаруашылығына тиесілі. Орман қорын сақтап, көбейту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілші баяндасын.
РКС: Ақмола өңірінің орманы алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда қарағайлы, қайыңды және аралас орман алқаптары бар. Әсіресе Көкшетау өңіріндегі ормандар табиғатты қорғау мен туризм үшін маңызды. Бүгінде осы сала мамандарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі, жасыл желекті сақтау және оның аумағын ұлғайту.
СНХ: ҚАЙРАТ ҚАСЫМҰРАТОВ, ОРМАНШЫ: Біздің Бұқпа орман шаруашылығының аймағында қарағай мен қайың. Соны қарағайды, жасыл желектерді отырғызамыз. Биыл қарағай 160-170 гектар отырғыздық. Шығуы жақсы.
РКС: Бұқпа орман шаруашылығының құрамына Шағалалы, Қыпшақ және Самарбай орман шаруашылықтары кіреді. Мұнда 70-ке жуық маман еңбек етеді. Қызметкерлер орманды қорғау, күтіп-баптау, көшет отырғызу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірнеше бағытта жұмыс атқарып келеді.
СНХ: ОЛЖАС ТҰРЛЫБЕКОВ, ШАҒАЛАЛЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жұмыс кестесі планеркадан басталады. Сол кестесі бойынша план құрамыз. Планмен жұмыс істейміз. Күнделәкті рейдттік мероприятиялар болады. Лесниктар орманды аралайды. Қазір бізде посадка болады. Тұқым жинаймыз. Жаңа жыл қарсаңында кішкентай, балапан қарағайларды қорғаймыз.
РКС: Бұдан бөлек, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы да күшейтілді. Былтыр 2 жаңа трактор сатып алынды. Сонымен қатар, заманауи технологиялармен жабдықталған орман өрт сөндіру станциясы іске қосылды. Бұған мемлекеттік бюджеттен 55 миллион теңге жұмылдырылды. Ал өртті ерте анықтауға арналған құрылғы бұдан 10 есе қымбат.
СНХ: ҚАЙРАТ АХМЕТОВ, ОРМАН ШЕБЕРІ: Орман өрт сөндіру станциясы бейнекамералармен жабдықталған. Станция Қыпшақ, Самарбай және Шағалалы атты үш орман шаруашылығына қызмет көрсетеді. Орман алқабы тәулік бойы бақылауда. Өрт немесе түтін анықталған жағдайда ақпарат дереу диспетчерге беріледі. Артынша өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел аттанады. Сонымен қатар, қаладағы төтенше жағдайлар қызметімен де тығыз байланыс орнатылған.
РКС: Бұл жүйе орманды тілсіз жаудан қорғап, мамандардың оқиғаға дер кезінде ден қоюына мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде биыл Бұқпа орман шаруашылығында өртке қатысты жағдайлар да біршама азайған.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ