Ұрпағымен мерейленген жандар
ДИКТОР. Бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде қолын жылы суға малып, бала-шағасының ортасында бақуатты ғұмыр кешіп жатқан қариялар көпшілікке үлгі. Отасқандарына жетпіс жыл болған жасы тоқсанды алқымдаған ерлі-зайыпты Бегайдар Зейноллаұлы мен Дәмежан Қажықанқызының шаңырағында тілшіміз болып қайтты.
РКС. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Бегайдар Зейноллаұлы жасы тоқсанның екеуіне шықса да, қолынан қаламын тастамапты. Әлі күнге дейін маржандай жазуымен өмірден көрген-түйгендерін қағаз бетіне түсіреді, тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан шығар, тарихи романдарды да үзбей оқиды. Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылында дүниеге келген қария, сол маңдағы ауыл мектептерінде сабақ беріп, бірнеше буынды білім нәрімен сусындырған. Қала өміріне бейімделіп, бала-шағасының ортасында бейқам тірлігін жалғастырып жатқанына да он жылдан асып кетті.
СНХ БЕГАЙДАР ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ, ҚАЗАҚ ССР ОҚУ АҒАРТУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ: мен енді қызметке араласқаннан кейін адал өмір сүрдім. Бар жігерімді, ойымды бала тәрбиелеу мақсатында ұстадым. Менен бірінші сыныптан бастап оқыған балалар қазір сексеннен асып кетті. Соларға тек қана білім емес, тәрбие жағына көп көңіл бөлдім. балалардың саны азайды, әрине, ол жүрекке қатты бататын мәселе, ауылымыздың көркейіп, жақсы тұрғаны бізге де жақсы.
РКС. Жүзінен сабырлылық лебі есетін Дәмежан Қажықанқызы болса, бала тәрбиесімен айналысып, жұбайының жағдайын жасаумен жүрген жан. Алты баланы дүниеге әкеліп, әрбіріне жақсы тәрбие беріп, түзу жолмен жүріп, адалдыққа баулығанының жемісін көріп отырғанына дән риза.
СНХ ДӘМЕЖАН ҚАЖЫҚАНҚЫЗЫ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: әке-шешеден көрген тәрбиемді мен де балаларыма бердім. Мен әжем, атам, апайымыз, сондай семьяға келін болып түстім. Үлкендердің тәрбиесін алдым. Солар маған жақсылық үйретті. Мен оларды күттім, мені олар жақсы көрді. Бәрі әркімнің өзінің мінезінен. Өзің жақсы болсаң, семьяңа да жақсысың, ағайыныңа да жақсысың. Тәрбие тал бесіктен дейді ғой. Сол тал бесікте үйренген тәрбиемді ағайын-туғанға көрсете білдім
СНХ ІҢКӘР БЕГАЙДАР, НЕМЕРЕСІ: мен ата-әжеммен бірге өсіп жатырмын. Мен кішкентай кезімнен әжеммен, атаммен олар мені еркелетіп, мен ойнап, жүре бердім. Қазір мен алтыншы сыныптамын, олар мені өсіріп, тәрбиелерін беріп тұр
РКС. Бала жасынан еңбекке араласқан жандар соғыстың тауқіметін тартып, аналарына жәрдемші болған сәттерін жиі естеріне алады. Қиындыққа мойымай, барлық ауыртпалықты жеңіп, замана көшіне ілесе, елдегі болған барлық өзгерістердің куәсі бола жүріп, бір ғасырға жуық ғұмырды артқа тастады. Бүгінгі таңда балаларынан немере, шөбере сүйіп,енді шөпшектерінің қолынан май жалайтын бақытты күндерге жетуден үмітті.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.