Негізгі Жаңалықтар Қатерлі ісікті алдын алу

Қатерлі ісікті алдын алу

Қатерлі ісікті алдын алу


ДИКТОР: Қазақстанның барлық өңірінде сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға бағытталған «Әйелдер өмірі үшін» ұранымен айлық өтуде. Қазан айы бойы мамандар ақпараттық кездесулер өткізіп, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен жүздесуде. Негізгі мақсаты әйелдерге аурудың алғашқы белгілері мен дер кезінде тексерілудің маңызын түсіндіру.

РКС: Жылдың алғашқы 6 айында өңірде 144 нәзік жанға сүт безі қатерлі ісік диагнозы қойылған. Жыл сайын облыста шамамен 200 жаңа жағдай анықталады. Сонымен қатар, 250-ге жуық әйелден қауіпсіз ісік табылған. Бұл сандар ауруды дер кезінде анықтап, медициналық тексеруден тұрақты өтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Новопэк» компаниясының ұжымымен кездесуде мамандар сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, қауіп факторлары мен алғашқы белгілері туралы айтып берді.

СНХ: МӨЛДІР ҚАЙРУШЕВА, «НОВОПЭК» КОМПАНИЯСЫНЫҢ HR БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі таңда «Новопэк» компаниясының алғаш рет сүт безінің профилактикасы бойынша ақпараттандыру жобасы бойынша шара өткізілген болатын. Осы жобаға Ақмола облысының «Әділет» партиясы бастамасымен өткізілген облыс бойынша онколог мамандар қосылып, бірқатар ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Негізгі ақыл-кеңес және де өңірімізде жалпы қатерлі ісік бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші жоғары деңгейде болғанын білдік. Сол бойынша ақыл-кеңестерге сәйкес біздің әйел қызметшілер, біздің «Новопэк» компаниясының 65 пайызы әйел қызметшілерден тұрады, соларға жақсы пайдалы кеңес болды деп есептеймін. Алда осылай іс- шаралар талай өткізіледі деп сенемін.

РКС: Бүгінде Ақмола облысында сүт безі қатерлі ісігі диагнозымен шамамен 2,5 мың әйел диспансерлік есепте тұр. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер емханаларда тегін скринингтен өте алады. Айта кетейік, аурудың алғашқы кезеңінде айқын белгілер байқалмауы мүмкін Сондықтан дәрігерлер тұрақты түрде тексеріліп, ағзадағы кез келген өзгеріске мән беруге кеңес береді.

СНХ: ҚУАНЫШ ІДРІСОВ, ОНКОЛОГ-МАММОЛОГ: Әйелдер ең алдымен өзін-өзі тексеруді әдетке айналдыруы керек. Сонымен қатар, сүт бездерін ультрадыбыстық зерттеуден тұрақты өтіп тұрған жөн. Қатерлі ісіктің алғашқы белгілеріне сүт безіндегі түйіннің пайда болуы, бөліндінің болуы, сондай-ақ сүт безі құрылымының өзгеруі жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде дер кезінде маманға жүгіну қажет. Қазір сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға арналған «Қызғылт қазан» айлығы өтіп жатыр. «Әділет» партиясымен бірлесіп, түрлі ұйымдарда ақпараттық кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

РКС: Компания қызметкерлері үшін бұл кездесу мамандарға денсаулыққа қатысты сұрақтарын тікелей қойып, қажетті кеңес алуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақпараттандыру мен профилактика – ауруды ерте анықтаудың маңызды тетігі. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу