«Оқжетпес» - «Ертіс»: 81:47
ДИКТОР: Қазанның бесінде Көкшетауда баскетболдан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогы басталды. Додада 6 команда бақ сынап жатыр. Күні кеше көкшетаулық «Оқжетпес» командасы алғашқы ойынын Павлодардың «Ертіс» командасына қарсы өткізді. Матчтың барысын тілшіміз Евгений Варанкин тамашалап қайтты.
РКС: Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаңда тартысты ойын өрбіді. «Оқжетпес» есеп ашып, бірден шабуылға көшті. Көкшетаулық баскетболшылар дәл соққыларымен көзге түсіп, қорғаныста да ширақ қимылдады. Алғашқы кезеңнің соңына қарай алаң иелері басымдығын арттырып, қарсыласын 23:8 есебімен тізгіндеді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БОРИС ФАТКУЛИН, «ОҚЖЕТПЕС» БАСКЕТБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Дайындық штаттық режимде өтті. Азия ойындарынан кейін елге оралып, бірнеше жаттығу өткізуге үлгердік. Қазір барлығы жарақатсыз, жағдайлары жақсы. Ойын қаншалықты дайын екенімізді көрсетеді. Кеше барлық кездесуді көріп шықтым. Деңгейі өте жоғары, командалар бар күшін салуда. Сондықтан өз деңгейіміз бен шеберлігімізді көрсетуге тура келеді. «Ертіс» командасы былтыр чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Дәстүрі қалыптасқан, тәжірибелі ойыншылары мен білікті бапкері бар команда. Сондықтан тартысты ойын болады деп ойлаймын.
РКС: Кездесудің екінші кезеңінде қос команда да ойын қарқынын үдете түсті. Тартысты өткен бұл кезеңде де «Оқжетпес» басымдығын сақтап, павлодарлықтарды 45:26 есебімен артта қалдырды.
СНХ: МИЛАНА КРУТЕВИЧ, «ОҚЖЕТПЕС» БАСКЕТБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Барлық қарсыласымыз да лайықты әрі мықты. Бапкеріміз нақты тапсырмалар берді, енді соларды орындауға тырысамыз. Дайындығымыз жақсы өтті. Физикалық тұрғыдан да, моральдық және тактикалық жағынан да дайындалдық. Қарсыластарымыздың барлығы да мықты болғанымен, бұл кубокта бірінші орын алуды көздеп отырмыз.
РКС: Үшінші кезең де көкшетаулықтардың басымдығымен өтіп, есеп 68:39 болды. Ал ойынның соңғы төртінші кезеңінде «Оқжетпес» есеп айырмасын одан әрі ұлғайтып, «Ертісті» 81:47 есебімен жеңді. Келесі кездесуін көкшетаулықтар бүгін Талдықорғанның «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ