Тазалық - мәдениеттің бастауы
ДИКТОР: «Таза Қазақстан» тек ауланы абаттандырып, көшені таза ұстау емес. Оның өзегінде таза ой, парасатты сана мен мәдениетті қоғам қалыптастыру идеясы жатыр. Көкшетауда «Таза Қазақстан - мәдениет кеңістігінде» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, мәдениет саласының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
РКС: Жиында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениет пен өнердің қоғам санасын қалыптастырудағы рөлі талқыланды. Қатысушылар адамның дүниетанымы мен қоғамдық ұстанымына мәдени ортаның ықпалы зор екенін айтады. Сондықтан мәдени жобалардың мазмұны елге, жерге жанашырлық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталуы тиіс.
СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Тазалық – ол адамның жан дүниесі, тазалық ол- адамның мәдениеті. Сондықтан Таза Қазақстан ол тек көшелерді, орман-тоғайларды тазарту емес, ол жалпы жан дүниенің, қоршаған орта, адамның мәдениетінің жоғарлығын көрсететін дүние. Мәдениет деген ол – тазалық деген сөз. Сондықтан бүгінгі күні табиғат тазалығы арқылы адамның жан дүниесін тазарту, қоршаған ортаны тазарту арқылы, ой-ниетін тазату мәселесінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің алдымызға қойып отырған, ұрпақтың алдына қойып отырған саясаты өте орынды деп санаймыз.
РКС: Иә, зерделі ұлт қалыптастыру - мәдени саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Адал азамат» қағидаты, кітап оқитын ұлт қалыптастыру секілді идеялар да осы мақсатпен үндеседі. Қатысушылар ұлттық мұраны зерделеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге басымдық беру қажет екенін айтады. Бұл ретте жастардың мәдениетке қызығушылығын арттыратын сапалы өнер мен мазмұнды жобалардың маңызы зор.
СНХ: АЙТҚАЛИ ЖАЙЫМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, КҮЙШІ-КОМПОЗИТОР: Бүгінгі мына Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармонияда өткен кездесу мәнді, мағыналы болды деп есептеймін. Оған президенттің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлының қатысуы, ол кісінің баяндамасы, қорытынды сөзі бізге бір бағыт-бардар сілтегендей болды. Ұлттық өнеріміз біздің тарихымыз, біздің болмысымыз. Кешегі өткеніміз, болашағымыз, ата-бабаларымыздың аманат етіп кеткен дүниелері. Осы бағытта еңбек етіп келеміз. Бірақ кішкене бағытты өзгерту керек. тереңдей түсу керек, жастарымызды зерттеу керек,+талғамына сай болу керек.
РКС: Көкше өңірі Арқада алты алаштан ән оздырған сал-серілердің мекені. Бірегей өнер мектебі қалыптасқан аймақ ұлттық өнердің сара жолын бүгінгі ұрпаққа жалғап келеді. Биыл өңір мәдениеті үшін де мерейлі жыл. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияға - 80 жыл. Ал Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры 30-шы, облыстық орыс драма театры 50-ші маусымын бастады. Мерейтой аясында ұлттық өнерді дәріптеп, мәдени мұраны кейінгі буынға жеткізуге бағытталған жобалар жалғасын табады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ