Кәсіпкерлікті дамыту қоры ақмолалық кәсіпкерлерді қолдауда
ДИКТОР: Ақмола облысында өндіріс көлемі артып, жаңа бағыттар игеріліп, отандық кәсіпорындар сыртқы нарыққа шығуда. Өңірде тамақ және өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың жұмысы жанданып келеді. Ауыл шаруашылығы техникасына қажетті бөлшектер мен өнеркәсіптік майлар өндіріледі. Өндіріс орындарының кеңеюімен бірге жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық өнімнің үлесі артуда. Облыстағы кәсіпкерліктің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында тілші материалында.
РКС: Сүттен бастап, дүкен сөресіндегі дайын өнімге дейін. «Гормолзаводта» өндіріс бірден бірнеше бағыт бойынша дамып келеді. Кәсіпорын облыста 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Зауыт өндірістік қуатын жаңартып, өнім түрлерін тұрақты түрде кеңейтуде. Мұнда сары май, ірімшік, сүзбе, қаймақ, айран, йогурт және балмұздақ өндіріледі. Ұлттық өнімдерге де айрықша мән берілген. Кәсіпорында құрт пен қоспа өндірісі жолға қойылған. Бүгінде зауыт жылына 50 мың тонна сүт өңдейді. Қазір мұнда 350-ге жуық адам еңбек етеді.
СНХ: ӘЛІБЕК МҮРЕЕВ, КӘСІПОРЫН ӨКІЛІ: Біз жыл сайын өнім түрлерін кеңейтіп, номенклатураны арттырып келеміз. Сонымен қатар, өндірістік базамыз да дамып жатыр. Атап айтқанда, жақында балмұздақты, әсіресе шағын қаптамадағы өнімдерді қаптау желісін күшейттік. Бұл жобаны жүзеге асыруға бізге «Даму» қоры айтарлықтай қолдау көрсетті. Атап айтқанда, кепілдендіру және субсидиялау құралдары пайдаланылды. Қолдау көлемі де қомақты болды. Әрине, көрсетілген қолдауға алғысымыз зор. Қазір бизнес үшін оңай кезең емес. Осындай кезде жүгінетін, бізге қолдау көрсететін ұйымдардың бар екенін білу өте маңызды әрі қуантады.
РКС: Тағы бір маңызды бағыт, ауыл шаруашылығына қажетті бөлшектер өндіру. «АСК-Авторесурсы» компаниясы 20 жылдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер нарығында жұмыс істеп келеді. Бүгінде кәсіпорын өнім жеткізумен ғана шектелмей, өз өндірісін де дамытып отыр. Мұнда комбайндарға арналған транспортерлер, сепкіштерге арналған тіркемелер және басқа да қосалқы бөлшектер шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3 845 дана өнім.
СНХ: ТАМАРА ПОЛЕТКИНА, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде біз жай ғана сатушы емеспіз, өз өнімімізді өндіретін кәсіпорынбыз. Бұл ретте «Даму» қоры арқылы көрсетілген мемлекеттік қолдаудың біз үшін маңызы зор болды. Қаражатқа жаңа әрі заманауи жабдықтар сатып алдық. 4 адамнан тұратын штат қалыптастырып, өндірісті іске қостық. Бүгінде, қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмаймыз. Қазірдің өзінде тағы да жаңа жабдықтар сатып ала бастадық. Жақында токарь станогы және басқа да құрылғылар жеткізілді. Қызметкерлерімізді осы жабдықтарда жұмыс істеуге үйретіп, біліктілігін арттырамыз. Алдағы уақытта штат санын да көбейту жоспарда бар.
РКС: Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір жарқын үлгісі, өнімін шетел нарығына шығарып отырған көкшетаулық «Авикс-Групп» кәсіпорыны. Компаниясы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда қозғалтқыштар мен трансмиссияларға арналған майлар, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларына қажетті майлау материалдары өндіріледі. Заманауи өндірістік кешен мен жеке сынақ зертханасы өнім сапасын бақылауға және халықаралық стандарттарға сай болуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Тауарлар Болгария, Сербия, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Литва және Латвияға экспортталады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна майлау материалын шығару.
СНХ: МАКСИМ ЗАЙЦЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ: Экспорттық әлеуетімізді дамытуға тырысып жатырмыз. Бұл бағытта мемлекет бізге қолдау көрсетіп, жәрдемдесіп келеді. «Даму» қорымен де шамамен 10 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қор несиелерімізді субсидиялап, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. «Даму» қорымен бірге жүзеге асырған соңғы жобамыз, майларды қаптауға арналған жабдық сатып алу. Жобаны ойдағыдай іске асырдық. Қазір жабдық орнатылған, өндіріске дайын.
РКС: Өңірде мұндай жобалардың саны артып келеді. Былтырдан бері Ақмола облысында «Өрлеу» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 25 миллиард теңгеден асатын 105 жоба қаржыландырылды. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша жалпы құны жарты миллиард теңгеге жуық тағы 7 жоба қолдау тапты. Басым бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу және аграрлық секторға қажетті өнім шығару бар.
СНХ: САИН МУСАЕВ, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қордың негізгі бағыттары, қолдау құралдары. Жалпы қор жұмысы бойынша тоқталып өтетін болсақ, кәсіпкерлерді қолдау бағытында 3 құралды қолданылады. Ол жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау және кепілдік беру. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз негізгі бағыттан бөлек. Қор тағы да қаржылық емес қолдау бағытында да үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Яғни бұл бағытта кәсіпкерлерді оқыту бар, кәсіпкерлерге қолжетімді біздің құралдардың қаншалықты қол жетімді екендігін және мемлекеттік қолдаулардың қаншалықты қолжетімді екендігін көрсету және соларды ұсыну. Сол бағытта және алыс елдімекендерге бізде мобильді фронт-офис бар.
РКС: Кәсіпкерлікті қолдау жүйесі Ақмола облысында 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 5 мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Жалпы қолдау көлемі 778 миллиард теңгеден асты. Алайда бұл сандардың артында нақты өндіріс орындары, жаңа жұмыс орындары және өңірде өндіріліп, сыртқы нарыққа жол тартқан отандық өнім бар.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ