Абылайдың ақ туы
ДИКТОР: Биыл қазақ тарихында таңбалы із қалған ұлы тұлға, Абылай ханның туғанына 315 жыл. Айтулы датаға орай Красный-Яр үлгілі кітапханасында «Абылай ханның ақ туы» атты тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды. Қазақ тарихының күрделі кезеңдері мен Абылай ханның ел тағдырындағы айрықша рөлі жөнінде баяндамалар оқылып, ой бөлісті. Сондай-ақ, Петропавл қаласында орналасқан «Абылай хан резиденциясы» өкілдерімен ұйымдастырылған телекөпір де орнатылды. Тарихы терең қасиетті мекеннен жолданған мазмұнды әңгімелер мен құнды деректер шара қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
РКС: Абылай ханның ел бірлігін нығайту жолындағы еңбегі тарихи кітаптарда жазылып, халық жадында мәңгі сақталып келеді. Ұлы ханның жүріп өткен жолын зерделеп, тарихи іздерін зерттеген Мұрат Қажы Ыдырысұлы бастаған экспедициялық топтың жүйелі ізденісі мен елеулі еңбегінің нәтижесінде «Абылай ханның қара жолы» атты кітап жарық көрді.
СНХ: МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, ӨЛКЕТАНУШЫ: Абылай хан туралы біздің Кәдіржан ағамызда жазған. Абылай хан туралы үлкен еңбектер бар. Ол туралы көп жазылды. Дегенмен, біздің ұғымда «Абылай ханның қара жолы» деген ұғым көмескеленіп, ескіруге айналды. Сол мына Абылай ханның қара жолын, мен 2018 жылы Петропавл, Көкшетау, Астана, Баршын, Шұбаркөл, Ұлытау, Жезқазған, Қызылорда, Түркістанға дейін бардым. Осы жердегі бүкіл киелі орындар, музейлер, Абылай ханға қатысты не бар соның бәрін жазып мынандай үлкен том шықты.
РКС: Шара барысында бұдан бөлек «Абылай хан-ел тарихындағы ұлы тұлға», «Ту мен байрақтың елдік мәні» және «Ақмола өңірінің тарихи мұрасы» атты тақырыптар аясында мазмұнды баяндамалар оқылды. Сонымен қатар, Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» өкілдерімен телекөпір арқылы байланыс орнатылды. Телекөпір барысында тарих магистрі Әлия Хаймолдина ұлы тұлғаның мерейтойына орай шаһарда ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндап, Абылай ханның ел тарихындағы орны мен тұлғалық қасиеттеріне қатысты құнды деректермен бөлісті.
СНХ: ӘЛИЯ ХАЙМОЛДИНА, «АБЫЛАЙ ХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ» МУЗЕЙ КЕШЕНІНІҢ ТАРИХ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ: Ғұлама, тарихи тұлғалардың бірі Абылай хан. Сол себепті 135 жылдығын біз музей аясында 30 күн бойы тойлаудамыз. Тамыздың 21-і күні осы музейдің туған күнімен тұспа-тұс халықаралық конференция өткен. Осы конференцияға республиканың түкпір-түкпірінен ғалымдар мен профессорлар қатысқан. Сонымен қатар Қырғыстан, Өзбекстан, Жапония елдерінен онлайн қатысып, өз зерттеулерімен бөліскен еді. Бұл шарада Болатбек Кәткенұлы Омбы, Мәскеу архивтеріндегі құжаттарымен бөлісті. Жапониядағы Токио университетінің профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы өзінің «Елдік феномен» деген еңбегімен таныстырды.
СНХ: ШЫНАР ТЕМІРҒАЛИ, КРАСНЫЙ ЯР АУЛЫНЫҢ №2 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ: Бүгінгі күні оқушыларымызға Абылай ханның 315 жылдығына орай ұйымдастырылған шара болып отыр. Керемет тарихи тұлғамыздың қазақ хандығына сіңірген ерең еңбегімен таныстыру үшін және тек қана хандық ішіндегі ішкі, сыртқы саяси тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, дипломатиялық жасаған еңбектерімен таныстару. Қазіргі жас ұрпаққа тарихымыздың керемет оқиғиларымен, бүгінгі күні іс-шараға келіп отырған зиялы қауыммен барынша таныстыру біздің бүгінгі жұмысымыз.
РКС: Осындай мазмұнды шаралар өткенді зерделеп, тарихтан тағылым алуға, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге жол ашатын маңызды рухани алаң. Ұлы ханның өнегелі ғұмыры мен елдік мұраты бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік пен бірлік құндылықтарын дәріптейтін тағылымды мұра болып қала бермек.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ