Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы
ДИКТОР: Биыл еліміздегі медиация институтының дамуына 15 жыл толып отыр. Осыған орай Көкшетауда медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда саладағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, дауларды сотқа жеткізбей шешу тетіктері, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен медиация институтын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
РКС: 5 тамыз – медиация күні. Соңғы жылдары өңірде медиация кеңесінің жұмысы қарқын алған. Облыстық кеңес құрамында 6 кәсіби, 4 қоғамдық медиатор қызмет етеді. Олар азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де дауларды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етуде. Жыл басынан бері 33 шара өткізіліп, оған 4 мыңға жуық адам қатысты. Бұдан бөлек, тұрғындарға онлайн кеңестер ұйымдастырылып, әр түрлі өңірдің тұрғындары қабылданды.
СНХ: ГҮЛНӘР МӘДИЕВА, МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Медиация – дауды сотқа жеткізбей, тараптарды өзара келісімге келтіретін маңызды құрал. Бізде дауды сотқа дейінгі медиация арқылы да, сот медиациясы арқылы да шешуге мүмкіндік бар. Яғни сот процесінің кез келген кезеңінде тараптар медиация рәсіміне жүгініп, дауды бейбіт жолмен реттей алады. Медиатор дегеніміз кім? Медиатор – дауды бейбіт жолмен шешуге ықпал ететін тәуелсіз тараптағы үшінші тұлға.
РКС: Жиында қылмыстық істер бойынша медиацияны қолдану мәселесі де сөз болды. Мамандардың айтуынша, заңнамаға сәйкес медиация адам өліміне әкеп соқпаған қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарда қолданылады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы салдарынан денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілген жағдайларда да тараптар заң талаптарына сәйкес медиация арқылы татуласып, істі сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік бар.
СНХ: ҚАНАТ ШЫҒЫТАЕВ, МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Медиацияның негізгі артықшылығы – тараптарға татуласуға мүмкіндік беріп, дауды сотқа жеткізбей шешуге жағдай жасауында. Сонымен қатар, азаматтық талаптар бойынша ұзаққа созылатын сот дауларынан құтылуға болады. Зардап шеккен тарап моральдық және материалдық шығынды өндіріп алу үшін қайтадан сотқа жүгінеді. Бұл өз кезегінде адвокаттар мен заңгерлердің қызметіне қосымша шығын жұмсауға, уақыт жоғалтуға және бірнеше сот сатысынан өтуге алып келеді. Ал медиация рәсімі – екі тараптың өз еркімен келісімге келуіне негізделген процесс. Онда медиатор бейтарап тұлға ретінде тараптардың ортақ мәмілеге келуіне көмектеседі. Медиацияның тағы бір маңызды қағидаты – құпиялылық. Тараптар арасында жасалған келісім бөгде адамдарға жария етілмейді. Егер медиативтік келісімнің талаптары орындалмаса, жәбірленуші сотқа жүгініп, келісімді мәжбүрлеп орындату туралы талап қоя алады.
РКС: Медиация саласындағы жұмыстардың бір бағыты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Кәсіби медиаторлар жастарға несие жүктемесі, интернет-алаяқтық және дропперлік сияқты қауіптердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
СНХ: ҚОНЫСБАЙ ҰРЫНБАЕВ, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ: Бүгінгі іс-шара медиацияның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектесті. Бұрын медиация тек сот процестерімен ғана байланысты деп ойлайтынмын, ал бүгін оның даулар мен жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің тиімді тәсілі екенін білдім. Интернет-алаяқтық пен дропперліктің салдары туралы көптеген пайдалы ақпарат алдым. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңды жақсырақ түсінуге және саналы, жауапты шешім қабылдауға ықпал етеді деп есептеймін.
РКС: Медиацияны жұмыс орындарында дамыту мақсатында ірі ұйымдарда арнайы кабинеттер ашу ұсынылды. Бұл еңбек дауларын ушықтырмай, келісім арқылы шешуге бағытталған тиімді тетік болмақ.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ