Негізгі Жаңалықтар Қоғамдық бақылау – әділ сайлаудың кепілі

Қоғамдық бақылау – әділ сайлаудың кепілі


ДИКТОР: «Ел дауысы» қоғамдық қорының өкілдері Құрылтай мүшелерін сайлауға қатысты Көкшетау қаласының байқаушыларымен кездесті. Жиынға сайлау процесіне қоғамдық бақылау жүргізетін өңірлік байқаушылар қатысып, алдағы жұмыс бағыттары талқыланды. Қоғамдық қордың негізгі міндеті тәуелсіз байқаушыларды даярлау, олардың жұмысын үйлестіру және азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуына ықпал ету.

РКС: «Ел дауысы» қоғамдық қоры елдегі орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген ұйымдардың бірі. Қор республиканың барлық өңірлерінде қоғамдық байқаушыларды арнайы әзірленген әдістемелік құрал негізінде даярлайды. Қоғамдық байқаушы болуға ниет білдірген азаматтар үшін оқу тегін ұйымдастырылады. Оқыту офлайн және онлайн форматтарда өткізіліп, қатысушыларға сайлау процесін бақылаудың құқықтық негіздері, байқау жүргізу тәртібі мен кәсіби этика қағидалары жан-жақты түсіндіріледі.

СНХ: АИДА ЖЕКСЕНОВА, «ЕЛ ДАУЫСЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірледік. Онда сайлау туралы заңнама талаптарын толықтай қайта өңдеп, күрделі заң нормаларды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірдік. Бұл кез келген азаматқа, тіпті заңгерлік білімі болмаса да, сайлауды бақылауға қалай қатысуға болатынын және заң бұзушылықтарды қалай анықтауға болатынын түсінуге мүмкіндік береді Біздің қоғамдық байқаушылардың негізгі міндеті сайлау процесін бақылап, оны тіркеу. Олар сайлау барысына араласпайды. Егер байқаушылар қандай да бір күмәнді жағдайды байқаса немесе сұрақтары туындаса, олар біздің ұйымға жүгінеді. Өз кезегінде, сайлау құқығы саласына маманданған заңгерлеріміз ұсынылған мәліметтерді жан-жақты зерделейді. Егер заң бұзушылықтың орын алғанын растайтын жеткілікті дәлелдер анықталса, біз бұл туралы тиісті сайлау комиссиясына хабарлаймыз. Сайлау комиссиясы мұндай бұзушылықтарды заңнама талаптарына сәйкес қарастырып, оларды жою үшін қажетті шаралар қабылдайды.

РКС: Елімізде қоғамдық байқаушыларды даярлау ісіне 3 мобильді топ белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде бұл топтар 500-ден астам білікті қоғамдық байқаушыны оқытып, даярлады. Солардың бірі, қоғамдық бақылау саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар Ерболат Дүйсенбаев. Кездесу барысында ол кейбір сайлау учаскелерінде қоғамдық байқаушылардың өз міндеттерін толыққанды атқаруына қажетті жағдайдың жасалмайтынын тілге тиек етті.

СНХ: ЕСБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ, БАЙҚАУШЫ: Кейбір учаскелерде байқаушыларды сіз мына жерге отырасыздар деп отырғызады, ол дұрыс шығар. Байқаушылар бюлетень таратуға, бюлетень санау барысында да кедергі жасамау керек. Бірақө көзі жететін, дауыс естілетін жерде бақылаушы отыру керек. Кейде өкінішке орай алыс жерде отырғызып қояды да, байқаушылар не әңгіме болып жатыр, қандай жұмыс жасалып жатыр толық аңғармай қалуы мүмкін. Сондықтан да әрбір учаскідегі сайлау комиссиялары байқаушылардың жұмыс жасауына, өз міндеттерін жүзеге асыруына жағдай жасаса дейміз. 

РКС: Жиын соңында қатысушылар қоғамдық бақылау институтын одан әрі жетілдіру, байқаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сайлау үдерісінің жариялылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту қажет деген ортақ пікірге келді. Бұл бастамалар азаматтардың сайлау жүйесіне деген сенімін нығайтып, демократиялық үдерістердің сапасын арттыруға ықпал етпек.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ



Бөлісу