Негізгі Жаңалықтар Ақмола облысында 5 теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Ақмола облысында 5 теміржол вокзалы пайдалануға берілді


ДИКТОР: Ақмола облысында жаңартылған бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Заманауи сапаржайлар Ерейментау және Державинск қалаларында, сондай-ақ Еркіншілік, Өлеңті және Жалтыр елді мекендерінде ашылды.

РКС: Жаңғыртылған нысандардың бірі - Жарқайың ауданындағы Державинск теміржол вокзалы. 1956 жылы салынған ғимарат ұзақ жыл күрделі жөндеу көрмеген. Енді сапаржай толық жаңартылып, заманауи талапқа сай қызмет көрсетеді. Мұнда ана мен бала бөлмесі, күту және демалыс аймақтары жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына да барлық жағдай жасалған. Ауқымды өзгерісті жергілікті тұрғындар да жоғары бағалап отыр. 

СНХ: ӘБДІХАМИТ СЫЗДЫҚОВ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ: Бұл қалада тұрғаныма 40 жылдан асты. Бұрынғы ескі вокзалға қарағанда, бүгінгі жаңа вокзалымыз өте әдемі, керемет, жақсы. Іші таза, бөлмелері көп. Халықтың жағдайына жасалған деп ойлаймын. Осында істейтін жұмысшыларға тілейтінім, зор денсаулық, шексіз бақыт, әрқашан жұмыстары алға баса берсін! Қаламыз көркейіп, халқымыздың жағдайы жақсара берсін! 

РКС: Сапаржайдың ашылу салтанатына сала ардагерлері де арнайы келген. Олар бұл вокзалда ұзақ жыл еңбек етіп, саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған жандар. 

СНХ: САБЫРХАН НҰРПЕЙІСОВ, ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Жаңа вокзалдың ашылуы құтты болсын! Іргесі берік, керегесі кең болсын! Ел игілігіне ұзақ жыл қызмет етіп, талай жолаушының ақ жолына себепші болсын! 

РКС: Жаңа сапаржайдың ашылуы Державинск үшін ерекше оқиға. Себебі биыл қала 60 жылдығын атап өтуде. 

СНХ: ЕРБОЛ ЖҮСІПБЕКОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Жаңартылған вокзалдың Державинск қаласының 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ашылуының да өзіндік мәні бар. Алдағы уақытта бұл нысан жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ауданның көлік қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

РКС: Бүгінде аймақта жаңғырту аясында қолға алынған 16 вокзалдың 12-сі ел игілігіне берілді. Қалған төрт нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу