Ақмолалық құтқарушылар елге жүлделі оралды
ДИКТОР: Ақмолалық құтқарушылар ірі спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Олар өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан чемпионатында және аралас жекпе-жектен Азия чемпионатында үздік үштіктің қатарынан көрінді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өңір намысын қорғаған жүлдегерлерді салтанатты түрде қарсы алды. Спортшылар екі түрлі ірі додада өз шеберліктерін дәлелдеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасөспірімдер мен жастар арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша XV чемпионатында және аралас жекпе-жектен Азия чемпионатында бақ сынады.
СНХ: РИНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін Төтенше жағдайлар департаменті жасөспірімдер мен жастар арасында өткен XV республикалық чемпионаттан оралған спортшыларымызды құрметтеп отыр. Жарыс Орал қаласында өтті. Командамыз жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Спортшыларымыз Малайзияда өткен MMA бойынша Азия чемпионатына қатысты. Екі қызметкеріміз күміс және қола жүлдеге ие болды. Жалпы департамент спортшылары қатысқан жарыстардың басым бөлігінен жүлдемен оралып келеді.
РКС: Өрт-құтқару спорты бойынша жарыста қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Оқу мұнарасының терезесіне сатымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағы, өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю кезеңдері ұйымдастырылды. Ақмолалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар жекелей сын нәтижесінде өңірдің жас спортшылары чемпион атанды. Дмитрий Рыбалкин оқу мұнарасының екінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу кезеңінде алтын медаль жеңіп алса, Ислам Қалиоллаев үшінші қабатқа көтерілу сайысында бірінші орынды иеленді.
СНХ: ИСЛАМ ҚАЛИОЛЛАЕВ, ӨРТ СӨНДІРУ-ҚҰТҚАРУ СПОРТЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Ақмола облысының құрамасында өнер көрсеттім. Жарыс Орал қаласында өтті. Шабуыл сатысымен үшінші қабатқа көтерілу сайысында бірінші орын алдым. Оңай болған жоқ, тыңғылықты дайындалдық. Жаттықтырушымыз Ербол Қожабаевтың еңбегі зор. Ал 100 метрлік кедергілер жолағында үшінші орынға ие болдым. Бұл жасөспірімдер құрамасындағы соңғы чемпионатым. Алдағы уақытта да жаттығуды жалғастырамын.
РКС: Төтенше жағдайлар департаментінің спортшылары GAMMA Asian Championship 2026 аралас жекпе-жектен Азия чемпионатына қатысты. Байрақты бәсекеде әлемнің 18 елінен келген үздік спортшылар бақ сынасты. Ақмолалық спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Томирис Жүсіпова қола жүлдегер атанса, Анас Нұркеш күміс медаль иеленді.
СНХ: АНАС НҰРКЕШ, ММА БОЙЫНША АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Zhas Dynamo Team клубының спортшысымын, Batyr Team командасының намысын қорғаймын. Азия чемпионаты Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтті. Дайындықты Көкшетау қаласында жоғары деңгейде өткіздік. Жарыс өте жақсы ұйымдастырылды. Нәтижесінде екінші орын алдым. Финалда сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жыл сайын спортшылардың деңгейі өсіп келеді. Сондықтан чемпион атану барған сайын қиындай түсуде. Бір ай бұрын бапкерлерімізбен бірге жаттығу жұмыстарын бастап кеттік. Арнайы дайындық жоспары бойынша жүйелі түрде жаттықтық.
РКС: Алдағы уақытта спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуды жалғастырмақ. Өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша облыстың екі спортшысы – Дмитрий Рыбалкин мен Ислам Қалиоллаев Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұлттық құрамасына қабылданды. Енді олар Ресейде өтетін өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғамақ.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ