Негізгі Жаңалықтар Көкше көгін көмкерген ғажайып шоу

Көкше көгін көмкерген ғажайып шоу


ДИКТОР: Көкшетау қаласында алғаш рет заманауи дрондар шоуы ұйымдастырылды. 500-ге жуық дрон бір мезетте көкке көтеріліп, ерекше жарық қойылымы қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды. Сонымен қатар, мерекелік кеште қазақстандық танымал әнші Әмре ән шашуын арнап, көпшілікке сүйікті әндерін орындады. Көрермендер өнерпазды ыстық ықыласпен қарсы алып, концерттік бағдарлама мерекелік кештің көркін аша түсті. 

РКС: Мерекелік кеш Қопа көлінің Жаңа жағалауында өтті. Кеш шымылдығын өңірдің талантты өнерпаздары ашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жағалау бойын әуелеген әсем әуен мен күмбірлеген күй тербеп, өнерсүйер қауым ерекше әсерге бөленді. Музыкалық бағдарламаның әрбір сәті мерекелік кештің сәнін келтіріп, Қопа жағалауын шаттық пен думанға толтырды.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ДУМАН БАЗАРБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біздің қала көркемдеп, әсемдеп келеді. Биылғы жазда бізде өте көп концерттер болып жатыр. Және бүгін міне Әмре әнші келейін деп жатыр. Оған дейін Қайрат Нұртаста келді. Бұрын болмаған жағдай дрон шоуы болады бәріміз қуаныштымыз осындай жағдайға. Бәрі күшті болып жатыр. 

РКС: Көпшіліктің көп күткен қонағы ән әлемінде көпшілікке Әмре деп танылған халықтың сүйікті әншісі Ернар Сәдірбаев болды. Танымал өнерпаз арнайы Көкше төріне келіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше музыкалық кеш сыйлады. Оның жанды дауыста орындаған әсерлі әндері Қопа жағалауын әсем әуенге бөлеп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Кездесу барысында Әмре қала тұрғындары мен қонақтарына ақжарма тілегін арнап, Көкше жұртына қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғысын білдірді.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ЕРНАР СӘДІРБАЕВ, ҚР ЭСТРАДА ӘНШІСІ: Көкшетаулықтарға алғысымды білдіремін. Керемет концерт болды. Келіп қолдағандарыңызға рахмет. Адам өте көп болды. Қуаныштымын. Рахмет шын жүректен. 

РКС: Кеш батып, қас қарайған сәтте Көкше аспанын көпшілік көптен күткен дрондар шоуы жарқырата түсті. Жүздеген дрон көк жүзінде сан құбылып, бір сәтте ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді, енді бір мезетте қыран құстың қалықтаған бейнесі, сондай-ақ Көкшетаудың көрікті келбетін бейнелейтін әсерлі композицияларды сомдады.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Түрлі түске боялған жарық көріністері түнгі аспанды ерекше сәнге бөлеп, кішкентай көрермендерді ерекше таңданысқа бөледі.

БЛИЦ: 

- Шоу дрон ұнады маған. 500 дрон болды онда.

- Маған Қазақстанның туы ұнады. Мен мында анаммен, ініммен келдім. Әншілер ұнады. Өте күшті болды. 

РКС: Жоғары технология мен өнердің үйлесімінен туған бұл ерекше қойылымды тамашалауға жиналған жұрт әр сәтті ұялы телефондарына түсіріп, ұзақ уақыт қол соғып қошемет көрсетті. Көкше көгін көмкерген жарқын шоу мерекелік кештің шарықтау шегіне айналды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу