ДИКТОР: Қазақстанда қабылданған жаңа Конституцияға байланысты шілденің 2-сінен бастап «Рақымшылық туралы заң» күшіне енді. Оған сәйкес көптеген азамат мемлекеттік кірістер органдары салған түрлі әкімшілік айыппұлдардан босатылады. Ол үшін ешқандай арнайы өтініш берудің қажеттілігі жоқ. Қолданыстағы айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылады.
РКС: Рақымшылық жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Ал заңды және лауазымды тұлғалар, шетел азаматтары және Қазақстан азаматтығы жоқ жеке тұлғалар бұл заңның қолданылу аясына жатпайды. Айыппұлдың есептен шығарылуы үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс.
СНХ: ДӘМЕТКЕН МАХМЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Әкімшілік айыппұлдарды есептен шығару үшін үш шарт орындалуы тиіс. Біріншіден, айыппұл соттан емес, тікелей мемлекеттік кірістер органы шығарған қаулы болуы шарт. Екіншіден, осы жылдың 2-ші шілдесіндегі жағдай бойынша айыппұл төленбеген немесе ішінара ғана төленген болуы тиіс. Үшіншіден, рақымшылық қолданылмайтын нақты баптардың тізімі бар. Олардың қатарына салыққа қатысты мәліметтерді жасыру, салық салынатын табысты кемітіп көрсету, мұнай өнімдерімен операциялар жасау және салық төлеуден жалтару мәселелерін қамтитын 278 және 277-баптар кіреді.
РКС: Егер іс бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары жүргізіліп жатса, ол да тоқтатылады. Бүкіл рәсімді аяқтау үшін мемлекеттік кірістер органдарына алты ай уақыт беріледі. Сондықтан азаматтарға айыппұлдарды есептен шығару үшін салық органдарына жүгінудің қажеті жоқ.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ