ДИКТОР: Көкштетауда биыл ерекше аптап ыстық болып тұр. Күндіз сынап бағанасы 35 градустан жоғары көтеріліп, тұрғындарға да қиын тиюде. Олар субұрқақтардан сая тауып, солардың маңында дем алғанды дұрыс көреді. Бұл жерлерде салқын, әрі судың сылдыры жазғы ыстықты жеңіл көтеруге ықпал етеді. Қалада қанша субұрқақтар жұмыс істеп тұр және қай жерде бой сергітуге болады, тілшіміз жауап іздеп көрді.
БЛИЦ-ОПРОС:
- Біз осы субұрқаққа салқындауға келеміз,өзімізге қатты ұнайды.
-Бұл маңда өте әдемі, әрі жаның тыныш табады. Жаздың ыстығында таптырмайтын орын.
-Біз осы жерге жақын тұрамыз, сондықтан салқындап, бойымызды сергіту үшін субұрқақтың жанына келіп, демаламыз, балалар да көзіңнің алдында жүреді, ештеңеге алаңдамауға болады. тіпті сүртінетін орамалға дейін ала келеміз.
-Кеше осында келіп, шомылып, балалар мәре-сәре болды. Көлге апарғанда олардың өміріне қауіп төне ме деп қорқасың. Ал бұл жерде рахат.
- Менің баламның жасы екіде. Күн қатты ыстық, олар күні бойы осы субұрқаққа шомылады. Басқа балалар да уақытын көңілді өткізеді. Су жып-жылы, балалар көлге түскендей әсерде, күнге қыздырынып жүреді. Қаланы осылай әдемілеп қойғаны көңілден шығады.
РКС: Жаз маусымында субұрқақтар күні бойы жұмыс істейді және қалаға көрік береді. Тұрғындар мен қонақтардың жиналатын орындарының біріне айналған.
СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Көкшетау қаласында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарайтын шамамен он төрт субұрқақ бар. Олардың төртеуі — «құрғақ» субұрқақтар. Бұл нысандар жыл сайын техникалық қызмет көрсетуден өтіп, жазғы маусымда, яғни мамыр айының басынан қыркүйектің соңына дейін жұмыс істейді. Күн сайын жабдықтар мен сорғылардың жай-күйі, суды тазарту жүйесі тексеріліп, қажет болған жағдайда суы ауыстырылып тұрады.
РКС: Былтыр «Көкшалғын» жобасының аясында Тәуелсіздік Аллеясы мен Жеңіс саябағында төрт құрғақ субұрқақ орнатылды. Олардың барлығы жұмыс істеп тұр. Мамандар субұрқақтарға мұқият қарап, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады. Құрғақ субұрқақтардың үстімен жүруге болады, алайда ондағы су сүзгіден өтпейді және ішуге жарамсыз. Тостағандары бар субұрқақтарға шомылуға тыйым салынады, өйткені олар электр жүйелерімен жабдықталған инженерлік құрылыстар болып табылады. Синоптиктер ыстық ауа райын алдағы күндері де болжап отыр, ал Көкшетау субұрқақтары тұрғындарға ыстықтан сая бола отырып, жазғы демалысты өткізетін сүйікті орынға айналып та үлгерді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.