ДИКТОР: 6,6 триллион теңге. Бұл облыстық экономиканың жыл соңына дейін жетуі тиіс межесі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өңірде өнеркәсіп өндірісін жандандырып, инвестиция тарту қарқынын үдету міндеті қойылды. Бүгін өткен облыс әкімдігінің отырысында жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің орындалуы талқыланып, негізгі басымдықтар мен проблемалық бағыттар жан-жақты сараланды.

РКС: Алты айдың қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығы 4 жарым процент өсіп, өнім көлемі 220 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,9 процентке артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 128,4, сауда айналымы 808,8 миллиард теңге. Мемлекеттік бюджетке түскен түсім де 420 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 38 процентке өсті. Десе де, өнеркәсіпте өсім әлі толық қамтамасыз етілмеген. Осыған байланысты аймақ басшысы Марат Ахметжанов өндіріс көлемін ұлғайтып, инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыруды тапсырды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:Бурабай ауданы 1,5 миллиардан 4,5миллиард өсіріп отыр көрсеткешті. Тек қана бюджетке, ауданға түсіп жатқан салықты. Жалпы 6 миллиардтан 28 миллиаордқа жеткізіп отыр кірісті. Басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Сол жұмыстің нәтижесін халқы көріп жатыр. Эко пакркті салуға бір тиын берген жоқпыз бюджеттен. Өз қаражатына салып отыр. Өзі жобалап, өзі жоспарлап өз қаржысына салып отыр. Ал сендер берілген қаражатты дұрыс пайдалана алмай отырсыңдар. Бұл басқару, бұл ұйымдастыруға тікелей байланысты. Нәтиже керек маған. Берілген тапсырмаларды мерзімінде орындап отырыңдар.

РКС: Жиында бюджет кірістерінің өсімі де сөз болды. Былтыр облыс 690 миллиард теңгеден астам салық жинаса, биыл бұл көрсеткішті 838 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында Көкшетау қаласы, Бурабай, Астрахан, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласы жоғары нәтиже көрсеткені атап өтілді. Бұл өңірлерде жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып, бюджет кірістері мен кәсіпкерлік белсенділігі артқан.

СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Алғаш рет біздің өңір еліміз бойынша үздік ондықтың қатарына енді. Бірақ қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмаймыз. Биылғы жылы кірістер көлемін былтырмен салыстырғанда тағы 21 процентке арттырып, 145,2 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай нәтижеге инвестиция тарту және бизнесті көлеңкеден шығару бағытындағы тиімді жұмыстардың арқасында қол жеткізілді.

РКС: Бурабай ауданы биылғы жартыжылдықта бюджет кірістерінің өсімі бойынша көш бастап тұр. Аудан әкімі бұл нәтижеге инвестиция тарту, туризм саласын дамыту және ірі салық төлеушілермен жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтырмен салыстырғанда ауданның негізгі көрсеткіштері едәуір жақсарған. Ең алдымен, жоспарға енгізілген жұмыстар уақытылы орындалуда. Соңғы үш жылда ауқымды жұмыстар атқарылып, 952 жұмыс орны құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 552-сі тұрақты жұмыс орындары. Еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау, сондай-ақ еңбек заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, тексеру барысында еңбек заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталып, оларды жою бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жойылған заң бұзушылықтар саны екі есеге өсті.

РКС: Осылайша, аймақ басшысы жыл соңына дейінгі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инвестициясы төмендеген Целиноград, Аршалы, Бұланды аудандары мен Қосшы қаласында, сондай-ақ өнеркәсіп өсімі бәсең Зеренді мен Біржан сал аудандарында жұмысты күшейтуді тапсырды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРА