ДИКТОР: Өңірдің денсаулық сақтау жүйесі үшін жас медицина мамандарын тарту басты міндеттің бірі болып қала береді. Жыл сайын дәрігерлерді мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп келеді. Жас мамандарға көтерме жәрдемақы төленіп, баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ұсынылады. Мұның барлығы ауылды жерлерге білікті дәрігерлерді көптеп тартуға жол ашып отыр. 

РКС: Вероника Филипова Елордадағы медициналық жоғары оқу орнының түлегі. Өзі де ауылда дүниеге келген жас маман оқуын аяқтаған соң туған жерге қызмет етуді жөн көріп, бір жыл бұрын Егіндікөл аудандық ауруханасына жұмысқа орналасқан. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алып, жергілікті әкімдіктің қолдауымен баспанамен де қамтамасыз етілген.

СНХ: ВЕРОНИКА ФИЛИПОВА, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРІ: Мені ұжымым толықтай қолдайды. Бас дәрігеріміз өте керемет адам. Олар маған әрдайым қолдау көрсетеді, көмектеседі, бағыт-бағдар береді және үйретеді. Мен әлі күнге дейін аға әріптестерімнен үйреніп келемін. Осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтадым. Барлығы көңілімнен шығады, бәрі тамаша. Тиесілі барлық квоталар толық көлемде берілді. Мен ауылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келгендіктен, аудан әкімдігі тарапынан да, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да уәде етілген барлық қолдау көрсетілді. Көтерме жәрдемақы, тұрғын үй және басқа да тиісті жеңілдіктердің барлығын алдым. Осы жағынан жолым болды. 

РКС:1 жыл ішінде Вероника Филипова өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Дәрігер үлкен терапиялық учаскеге қызмет көрсетеді. Пациенттер оның өз ісіне деген адалдығын ерекше атап өтсе, әріптестері оның жоғары кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды.

СНХ: ӘСЕМГҮЛ ҚИЯҚБАЕВА, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Ізденімпаз, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары маман. Пациенттер тарапынан да ол туралы көптеген жақсы пікірлер айтылуда. Науқастар оның мұқияттылығын ерекше бағалайды. Жалпы, біздің жас дәрігеріміз туралы пікірлердің барлығы өте жағымды.

РКС:Аудан орталығының тұрғыны Валентина Луцкая аудандық аурухананың көмегіне жиі жүгінеді. Ол мұнда түрлі дәрігерден кеңес алып, қажетті ем-дом қабылдайды. Жергілікті тұрғын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне көңілі толатынын айтады. Оның пікірінше, соңғы жылдары аудандық аурухананың жұмысы айтарлықтай өзгеріп, тек жақсы жағынан дамып келеді. Қазір мұнда ұзын-сонар кезек жоқ, барлық дәрігер өз орнында, уақытылы қызмет көрсетіледі. 

СНХ: ВАЛЕНТИНА ЛУЦКАЯ, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қазір біздің учаскеде жаңа дәрігер жұмыс істейді. Өте жақсы, білікті маман. Өзі сондай мұқият, науқастарға жанашырлықпен қарайды. Менің айтқанымды тыңдап, қажетті кеңесін береді. Егер басқа дәрігерлердің көмегі қажет болса, тиісті мамандарға жолдама береді. Сонымен қатар, талдауларды да уақытылы тапсырып, нәтижелерін қадағалап отырады. Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Маған бәрі ұнайды. Көрсетіліп жатқан медициналық қызметке толық көңілім толады.

РКС: Егіндікөл аудандық ауруханасында 100-ден астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 14 дәрігер және 40-тан астам орта буын медицина маманы. Бүгінде Егіндікөл дәрігерлері негізгі медициналық бағыттың барлығы бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Қажет болған жағдайда облыс орталығы мен елордадағы бейінді мамандардың кеңесін ұйымдастырады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауыл тұрғындарына сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету жақсы жолға қойылған.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ