ДИКТОР: Қазақстанда ел тұрғындарының орташа жасы 76 жасқа жетті. Бұл соңғы 35 жылдағы рекордық көрсеткіш. Ұзақ әрі сапалы өмір сүруге бағытталған бастамалардың бірі - Белсенді ұзақ өмір орталықтары. Шаһардағы орталықта аға буын өкілдері дәстүрлі садақ ату, саз-балшық терапиясы сынды түрлі шығармашылық және спорттық үйірмелерге қатысып, белсенді өмір салтын қалыптастырып жүр. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады. 

РКС: Жолаушыбай Әлжанов белсенді ұзақ өмір орталығына тұрақты келіп тұрады. Жасы 80-ге таяса да сыр берер емес. Әлі де жүрісі ширақ, көңілі сергек. Өмірге құлшынысы жоғары. Мұндағы барлық үйірмеге белсене қатысады.

СНХ: ЖОЛАУШЫБАЙ ӘЛЖАНОВ, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ: Мына белсенді ұзақ орталығына келгелі денем жадырап, жасыма жас қосылып, жасарып келе жатқан сияқтымын. Балалық кезде кезімізде мектепте оқығанда, сурет сабағы, қолөнер сабағы деген онша болған жоқ. Қалған кішкене талантымыз бар еді, соны мына келіп жалғап, сол кездегі кемшіліктерді толтырып жатырмыз. Төрт қабырғада отырғанша, дала жүріп, бойыңды сергітіп, жұртпен араласып, әңгімелескеніміз дұрыс қой.  

РКС: Бүгінде орталықта спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытында 20-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Қазыналы қарттар, әсіресе ұлттық спорт түрлеріне ықылас танытуда. 

ИНТЕРШУМ:  

СНХ: САБЫРЖАН МӘКЕНОВ, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ: Көздің көруіне өте пайдалы екен. Асық атуға барам мен. Асық ату деген өте бір керемет нәрсе. Қазақтың бұрынғы ойыны ғой. Одан фольклорный ансамбль бар. Осы үшеуіне қатысамын мен. Өте жақсы, бұрынғыдай емес, қазір денсаулығым көтеріліп, ішім бәрі тартылып, кәдімгідей оңды болып жатырмын.

 СНХ: АЛМАСБЕК МҰРАТБЕК, ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН НҰСҚАУШЫ: Сабырлықты қажет ететін спорт болғандықтан, мергендікті қажет ететін спорт болғандықтан көздерін, нерв жүйесіне пайдасы тиіп жатыр. Және көбеюде санымыз. Біз наурыз айында бастағанбыз үйірмені. Қазір 35-40 адамдай тіркелген. 

РКС: Бүгінде белсенді өмір сүруді ұстанған аға буын өкілдерінің саны артқан. Қазірдің өзінде мұнда 1300 зейнеткер тіркелген. Орталыққа күніне 400-ге жуық аға-буын өкілі келеді.  

СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биылдың өзінде біз бірнеше үйірме жаңадан аштық. Оның ішінде қазақтың ұлттық садақ ату деген сияқты, сосын балшық терапиясы деген үйірмелер ашылды. Бұған да адамдардың ынта-ықыласы артып отыр. Бізде қазір жұмыс істеп жатқан мамандардың өзі бәрі – білікті мамандар. 

РКС: Қазір аймақта 119 мың қария бар. Өңірде Белсенді ұзақ өмірдің 10 орталығы жұмыс істейді. Осылайша, аға буын өкілдері денсаулығын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттырып келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ