ДИКТОР: Ширек ғасырға жуық мәдениет ошағы болмаған Бұланды ауданының Вознесенка ауылы биыл көптен күткен қуанышқа кенелді. Ауыл тұрғындарына заманауи Мәдениет үйі пайдалануға беріліп, елді мекеннің қоғамдық-мәдени өміріне жаңа серпін сыйлады. Жаңа ғимаратта өнер және спорт бағытындағы түрлі үйірмелер жұмысын бастап кетті. Аталған игі жоба мемлекеттік «Ауыл–Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Заманауи нысанның құрылысына 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде ел игілігіне ұсынылды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Заманауи үлгіде салынған Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігі үшін барлық қажетті мүмкіндіктермен қамтылған. Ғимаратта 100 орындық кең көрермен залы, бір мезетте 50 адамға дейін қабылдайтын спорт залы жұмыс істейді. Сондай-ақ, келушілердің қолайлығы үшін киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары да қарастырылған. Ауыл тұрғындарының рухани қазынасын байытатын кең әрі жарық кітапханаға да бұл ғимараттан орын бөлінді.
СНХ: ДИАНА ЗИНЬКОВА, МӘДЕНИ ШАРАЛАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Қазір Мәдениет үйінде 2 би үйірмесі өз жұмысын бастап кетті. Оның бірі 12–15 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «Самғау Dance», ал кішкентай бүлдіршіндерге арналған топ «Самғау Kids» деп аталады. Қазір балалармен түрлі би қойылымдары дайындалып жатыр. Алдағы уақытта олардың қатысуымен алғашқы концертімізді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауылдың белсенді әжелерінен құралған хор ұжымын құруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, егде жастағы әйелдерге арналған «Зумба» би сабақтары тұрақты түрде өткізілетін болады. Ән айтуға қызығушылық танытатын тұрғындар үшін вокал үйірмелері де ашылады. Өйткені ауылда жеке орындаушылықпен айналысып жүрген өнерлі азаматтар аз емес. Спорттық бағыттағы үйірмелер де өз жұмысын бастап үлгерді. Атап айтқанда, волейбол, футбол, үстел теннисі және шахмат секциялары тұрғындардың қызығушылығына ие болып, тұрақты түрде жұмыс істеуде.
РКС: Вознесенка ауылдық округінде бүгінде 1 жарым мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Соңғы жылдары елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлінді. Бүгінде ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесі және су құбырларын үйге тарту толық шешімін тапқан. Ауылда жүзеге асқан игі бастамалар мен алдағы жоспарлар жөнінде Вознесенка ауылдық округінің әкімі Юлия Сироткина айтып берді.
СНХ: ЮЛИЯ СИРОТКИНА, ВОЗНЕСЕНКА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 30 жыл бойы ауыл тұрғындары ауыз суды құдықтар мен ұңғымалардан пайдаланып келді. Былтыр жаңа су құбыры іске қосылып, елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде онда 160 оқушы білім алып жатыр. Ең қуаныштысы ауыл халқының саны азаймай, керісінше жыл сайын артып келеді. Өткен жылы ауылда жаңа көпір салынып, барлық көшеге жарық шамдары орнатылды. Биылдың өзінде ауылда 5 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестіктің қолдауымен ауылда өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл тұрғындар көптен күткен маңызды жоба. Осыған дейін бұл мәселені көтеріп, түрлі мекемелерге бірнеше мәрте өтініш жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы ғимарат салып беріп, өрт сөндіру көлігін де табыстады. Қазіргі таңда өрт сөндіру техникасының барлық шығыны мен қызмет көрсетуі де сол серіктестік тарапынан қамтамасыз етіледі.
РКС: Енді бұл шаңырақта өнердің үні естіліп, жас таланттардың қанаты қатаяды, аға буын мен жастардың басын қосатын тағылымды кездесулер мен мәдени шаралар үзілмек емес. Салтанатты шара барысында Ақмола облысының әкімдігі жаңа Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұл қолдау мәдениет ошағының жұмысын жандандырып, ауыл тұрғындарына көрсетілетін мәдени қызметтің сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ