ДИКТОР: Азат ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Мұнда ерікті өрт сөндіру құрылымы кезекшілік атқарып, кәсіби өрт сөндірушілер келгенге дейін қызыл жалынды сөндіруге атсалысады. Бұл бастама аймақтың шалғай аудандарындағы түрлі өрт оқиғаларына жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

РКС: Күннің қызуы бәсеңдер емес. Ауа температурасының қалыпты межеден жоғары болуы дала және орман өртінің шығу қаупін де арттыруда. Мамандардың айтуынша, өрттің басым бөлігі найзағайдың салдарынан туындаған. Дегенмен мамандар аптап ыстық пен құрғақшылық кезінде адам әрекетінен шыққан бір ғана ұшқынның өзі ірі өртке ұласуы мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда әр минут шешуші рөл атқарады. Сондықтан шалғай елді мекендерде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып жатыр. Азат ауылындағы жаңа бекет жергілікті астық қабылдау кәсіпорнының базасында ашылды. Жасақ құрамына сол кәсіпорынның қызметкерлері кірген. 

СНХ: АЙДАР ЗАРАП, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Өрт туралы хабар түскен сәтте ақпарат алдымен диспетчерлік қызметке жеткізіледі. Егер оқиға болған ауылда «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті болса, хабарлама бірден сол бекетке жолданады. Жасақ дереу оқиға орнына аттанып, Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі күштері жеткенге дейін өрттің кең аумаққа таралуына жол бермеу үшін алғашқы сөндіру жұмыстарын жүргізеді.

РКС: Бекетте тәулік бойы төрт маман қызмет атқарады. Олар арнайы дайындықтан өткен. Жасақ заманауи техникамен және өртті жедел сөндіруге қажетті құрал-жабдықпен жарақтандырылған. Қызметкерлердің үздіксіз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Ақмола облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 44 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 26 бекет ашу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері бұл бөлімшелер 91 өртті сөндіруге қатысқан. Оның 70-і Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп сөндірілсе, 21 өрт «Ауыл құтқарушылары» жасағының күшімен өздігінен оқшауланып, толық сөндірілген.

РКС: Азат ауылындағы бекет Күсеп ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің қауіпсіздігіне жауап береді. Бұл шалғай ауылдарда өртке жедел ден қойып, тілсіз жаудың ауқымын алғашқы минуттарда шектеуге мүмкіндік бермек. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ