ДИКТОР: Егіндікөл ауылында алғашқы жабдықталған жағажай ашылады. Оны абаттандыруға аудандық бюджеттен шамамен 60 миллион теңге бөлінді. Қазір жергілікті көлдің жағалауын көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа демалыс аймағында пирс салынып, шезлонгтар орнатылады. Сонымен қатар, демалушыларға катамарандар қызмет көрсетіледі. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы тілші баяндайды.

РКС: Көлдің маңында суға шомылатын жасанды орын бар. Жылдар бойы күтім көрмегендіктен, оның жағдайы әбден нашарлаған. Қазір ондағы су толықтай шығарылып, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аумаққа су жеткізу үшін арнайы құбыр тартылып жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін мұнда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жасанды бассейн салынады.

СНХ: ӘНУАР АХМЕТОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ: Алдымен аумақтың периметрі бойынша жұмыстар жүргіздік. Кейін суды ағызып, аумақты құрғатып, қоқыстан тазарттық. Қазір нысанның жоспарына сәйкес белгілеу жұмыстарын аяқтадық. Бұл жақта жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдары мен күннен қорғайтын қалқалар орнатылады. Ал жағажайдың негізгі бөлігі арғы бетте орналасады. Қазір жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс материалдарын жеткізіп, белгілеу жұмыстарын жалғастырудамыз. Жұмыс жоспарға сай қалыпты режимде атқарылып жатыр.

РКС: Ауданда шомылуға арнайы жабдықталған бірде-бір су айдыны жоқ. Демек көлде ресми түрде суға түсуге рұқсат етілмеген. Сол себепті жергілікті билік заманауи жағажай демалыс аймағын салу туралы шешім қабылдады.

СНХ: ЮРИЙ КУРУШИН, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жобалаушыларды, авторлық және техникалық қадағалау мамандарын тартып, қажетті жобалық құжаттарды әзірледік. Тұрғындар да бізге келіп, шомылатын орын жоқ екенін жиі айтатын. Әсіресе, күн ыстық кезде демалатын жердің болмауы қолайсыздық тудырады. Сондықтан осы аумақтың оң жағынан толық жабдықталған жағажай салуды қолға алдық. Оның аумағы 150×200 метр болады. Жағажай қоршалып, құтқару мұнаралары, жатын орындықтар мен шезлонгтар, сондай-ақ киім ауыстыратын орындар орнатылады. 

РКС: Жағалау аумағы қамыстан тазартылып, суға түсуге қолайлы өткел жасалады. Сондай-ақ мұнда пирс салынады. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін жағажай ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып, отбасымен қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуге болады. Мердігер ұйым жобаны тамыз айының ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ