Негізгі Жаңалықтар «Мектепке жол» акциясы басталды

«Мектепке жол» акциясы басталды


ДИКТОР: Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Бастама әлеуметтік тұрғыдан осал топ санатындағы отбасылардың балаларын оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтып, мектепке толық дайындалуына қолдау көрсетуді көздейді. Сондай-ақ балалардың әлеуметтік жағдайына байланысты білім алу мүмкіндігін шектемеуге бағытталған. Қайырымдылық шарасы тамыздың 1-нен 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

РКС: Акция аясында мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, кәсіпкерлер мен меценаттар әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетеді. Биыл жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры арқылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 581,9 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама аясында әр балаға мектеп формасы, аяқкиім және оқу құралдарын сатып алуға 50 851 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек қарастырылған. Қаражат өтініш берушінің банк шотына аударылады. Ата-аналар мен заңды өкілдер әлеуметтік қолдауды алу үшін білім беру ұйымына тиісті құжаттарды тапсырады. 

СНХ: ЖАНАРГҮЛ БАЙМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Материалдық және қаржылай көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген «Отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметті алу үшін мектепке мынадай құжаттарды ұсыну қажет. Өтініш, жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат, баланың туу туралы куәлігі, некені қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі, қаржылық және материалдық көмек алу үшін өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру актісі.

ГРАФИКАНЫҢ МӘТІНІ: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес көмек мына санаттағы балаларға көрсетіледі. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар көмек алушылар қатарында. Төтенше жағдайлар, өрт, табиғи апаттар және өзге де оқиғалар салдарынан зардап шеккен отбасылардың балалары мен білім беру ұйымының шешімі бойынша көмекке мұқтаж деп танылған оқушыларға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық шаралары да қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде мыңдаған оқушы мектеп табалдырығын аттап, колледждерде жаңа білім алушылар қатары толығуда.

ГРАФИКА:

1. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар 

2. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 

3. Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 

4. Төтенше жағдай, өрт, табиғи апат және өзге де оқиғалардан зардап шеккен 

5. Білім беру ұйымының шешімі бойынша көмекке мұқтаж деп танылған 

СНХ: ӘДІЛЕТ СЕНБІ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Бірінші сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі. Білім басқармасының жоспарлауы бойынша 12 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары мектеп есігін ашады деген ойда. Қазір 11000-ға жуық бірінші сынып оқушысы қабылданды. Ақмола облысында 27 колледж бар. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5900 абитуриент қабылданатын болады. Колледждерде 12 мыңнан астам студент білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қабылданатын абитуриенттердің саны мен қазіргі кездегі студенттер санын қосатын болсақ, 2026-2027 жылы 19 мыңнан астам студент 27 колледжде білім алады.

РКС: Мектеп оқушылары үшін «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетілсе, колледж студенттері үшін мемлекеттік тапсырыс пен әлеуметтік бағдарламалар арқылы білім алуға мүмкіндік жасалып, жастардың кәсіби бағытта дамуына жағдай қалыптастырылуда.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу