«Жолдағы қабылдау» акциясы
ДИКТОР: Жол ережесін сақтау – қауіпсіз сапардың кепілі. Осы қағиданы насихаттау мақсатында «Астана-Щучинск» тас жолында «Жолдағы қабылдау» акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында жүргізушілермен кездесу өтіп, олардың ұсыныстары мен сауалдары қаралды. Мамандар жолдағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, көлік жүргізушілеріне ережелерді қатаң сақтау жөнінде ескертулер берді.
РКС: Жол қозғалысы қауіпсіздігіне бағытталған шараларға жүргізушілер оң бағасын беруде. Олардың пікірінше, жол сапасының жақсаруы, заманауи бақылау жүйелерінің енгізілуі және жол қызметтерінің жұмысы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
СНХ: ӘЛІБЕК БҰРҰМБАЕВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: Жолдың жағдайына қатысты ешқандай шағымым жоқ. Әсіресе Астана бағытындағы автобан өте сапалы. Жол кең, тегіс, шұңқырлар да, асфальттың кедір-бұдыр тұстары да жоқ. Орташа жылдамдықты бақылайтын камералардың орнатылғаны да дұрыс шешім деп есептеймін. Жүргізушілер оның арқасында жылдамдықты асырмайды, жол-көлік оқиғалары азаяды. Бұл – ең алдымен, қауіпсіздік үшін маңызды. Полиция қызметкерлеріне қатысты да ешқандай наразылығым жоқ. Әрине, мінезі әртүрлі адамдар болады, бірақ өз басым негізсіз тоқтату немесе орынсыз талап қою сияқты жағдайларға тап болған емеспін. Егер өрескел заң бұзушылық болса, тиісті шара қолданылуы заңды. Мұндай акциялардың өткізілуі өте қажет деп ойлаймын. Себебі адамдарға жолда асықпай, қауіпсіздікті бірінші орынға қою керектігін үнемі еске салып отырған дұрыс. Әрқайсымызды үйде жақындарымыз күтіп отыр. Сондықтан белгіленген жылдамдықты сақтау қажет.
РКС: Бүгінде автомобиль жолдарының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Жол жамылғысын күтіп-ұстау, анықталған кемшіліктерді жою және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биыл Макинск – Бурабай – Зеренді бағытындағы жалпы ұзындығы 200 шақырым жол учаскесіндегі жұмыстарды толық аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ жол бойындағы сервисті дамыту бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. 2026 жылы екі жылы санитариялық-гигиеналық торап орнату көзделген. Мамандардың айтуынша, жол сапасын арттыру және сервистік инфрақұрылымды дамыту – көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
СНХ: АХАД ЗАЙКҮЛ, ОБЛЫСТЫҚ «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен жолаушыларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жылдамдық режимін бұзбау және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындау қажеттігін ескертеді. Көлік жүргізушілері тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – үй жануарлары мен жабайы аңдардың автомобиль жолдарына шығуы. Осыған байланысты қауіпті учаскелерде арнайы қоршаулар мен малдың жолға шығуын шектейтін торлар орнатылған. Астана–Павлодар, Астана–Қарағанды және Астана–Щучинск бағыттарындағы ақылы автомобиль жолдарында қауіп деңгейі жоғары учаскелерде жүргізушілерге ұсынылатын жылдамдық көрсетілетін ақпараттық белгілер орнатылған. Бұл шаралар көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және жолдағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған 2025 жылдың наурыз айынан бастап аталған бағыттардағы ақылы жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді. Арнайы камералар көлік құралының белгілі бір жол бөлігін өту уақыты арқылы орташа жылдамдықты автоматты түрде есептейді. Бұл жүргізушілердің белгіленген жылдамдық талаптарын сақтауына мүмкіндік береді.
РКС: Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарда полиция қызметкерлерінің атқаратын ролі ерекше. Тәртіп сақшылары автомобиль жолдарында тәулік бойы кезекшілік атқарып, екі ауысыммен қызмет көрсетеді.
СНХ: СЕРІК ЕРҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ: Полиция қызметкерлері автомобиль жолдарында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жолдардың жай-күйін бақылайды. Қандай да бір ақаулар немесе кемшіліктер анықталса, бұл туралы ақпарат жолды күтіп-ұстауға жауапты мекемеге жолданып, кейіннен оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданады. Осы ретте барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Ең жиі тіркелетін әкімшілік құқық бұзушылықтардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану, мас күйінде көлік жүргізу, маневр жасау қағидаларын бұзу және белгіленген жылдамдық режимін сақтамау бар. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысына қатысы бар адамдардың ортақ жауапкершілігі. Ең бастысы – жол қателікті кешірмейтінін әрдайым есте ұстаған жөн.
РКС: Жол қауіпсіздігі – ел көлеміндегі өзекті мәселелердің бірі. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан аумағында 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 51 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 мың 330 адам көз жұмған.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ