Болат жолды таңдаған отбасы
ДИКТОР: Өңірде теміржол саласын өмірлік кәсібіне айналдырған ерекше әулет бар. Өмірзақовтар отбасының оннан астам мүшесі болат жолда еңбек етіп келеді. Әулет өкілдерінің бұл саладағы жиынтық еңбек өтілі үш ғасырға жуықтайды. Олардың әрқайсысы теміржолда кемінде 15 жылдан бастап 45 жылға дейін қызмет атқарған. Іргетасы Ералы Өмірзақов қалаған еңбек жолын бүгінде үшінші буын жалғастырып келеді.
РКС: Теміржол саласының ардагері Ералы Өмірзақов биыл 90 жасқа толады. Ол еңбек жолын Көкшетау маңындағы Золоторун станциясында бастап, бір мекемеде ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет еткен. Жарты ғасырға жуық уақытын осы салаға арнаған ардагердің жары да 38 жыл теміржол жүйесінде еңбек еткен. Бүгінде олардың ізін балалары мен немерелері жалғастырып келеді.
СНХ: ОРАЗБЕК ӨМІРЗАҚОВ, АРДАГЕР ТЕМІРЖОЛШЫ: Бізде алты баламыз. Төрт ер бала, екі қыз бала. Ер балалардың төртеуі де теміржолда істейміз. Қарындасым да теміржолдың больницасында істеп жүр. Апамыз мында тоже Көкшетауда. Жездеміз де темір жолда істеген.
РКС: Өмірзақовтар үшін теміржол жай ғана мамандық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан отбасы дәстүрі. Әке абыройын биік ұстап өскен ұл-қыздары бұл саланы саналы түрде таңдаған. Қазір олардың өз балалары да теміржол мамандығын меңгеріп, еңбек жолын осы бағытта жалғастырып жүр.
СНХ: МАРАТБЕК ӨМІРЗАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Қазір менде теміржолшы болғасын балам да оқу бітіргенде қайда оқуға барам дегенде мен оған айттым «балам, менің әкем кезінде айтқан, теміржолшы қай заман болмасын сені асырайды деп». Балама соны айтып, ол да осы саланы бітіріп, енді қызмет 11 жыл бойы істеп жүр.
РКС: Теміржол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан мұнда еңбек ететін мамандар тәуліктің кез келген уақытында қызмет атқарып, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жол күтімімен айналысатын жұмысшылар да, пойыз қозғалысын үйлестіретін станция кезекшілері де өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен орындайды.
СНХ: ӘНУАРБЕК ӨМІРЗАҚОВ, СТАНЦИЯ БОЙЫНША КЕЗЕКШІ: Күні бойы, түні бойы істейтін жұмыстар бар. Сменный жұмыстар бар. Путеецтар бар, солар күндіз суыққа қарамай, ыстыққа қарамай жолда жүреді. Біз дежурный по станции қауіпсіздік қарап, поезд өтіп жатқанда сол контроль жасап өткіземіз сол поездарды. Жұмыс қызық бір жағынан, қиын да қызық.
РКС: Соңғы жылдары теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде вокзалдар күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Аймақта былтырдан бері 16 теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ