Жыл басынан бері аймақта буллинг үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында буллинг жасағаны үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл - тіркелген деректер ғана. Ал буллингке ұшыраған баланың психологиялық зардабы әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Аймақта суицидтің алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
РКС: Алдын алу шаралары бірнеше бағытты қамтиды. Полиция, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары мектептерде және ата-аналармен кездесулер өткізіп, буллингтің салдары, интернеттегі қауіптер мен деструктивті топтардың ықпалы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.
СНХ: ІЛИЯС ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 39 мыңнан астам ата-анамен кездесу өткізді. Ата-аналарға әлеуметтік желідегі белсенділікті бақылау, қауіпті қауымдастықтар мен деструктивті ойындардың белгілерін дер кезінде анықтау жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ мобильді құрылғылардағы ата-ана бақылауы функцияларын пайдалану және қауіп туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі бойынша практикалық ұсыныстар берілді.
РКС: Алдын алу жұмысының тағы бір маңызды бағыты - балалар мен ата-аналарды психологиялық қолдау. Білім беру ұйымдарында ата-аналар конференциялары ұйымдастырылып, «Сезім» жасөспірімдер еріктілер қозғалысы жұмыс істейді.
СНХ: ГҮЛІМ ШӘРІПОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Оның құрамына 15 жастан асқан мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері кіреді. Сондай-ақ педагог-психологтармен, әлеуметтік педагогтермен және білім беру ұйымдарының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметімен ауқымды жұмыс жүргізіледі. Олардың қызметі Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкес үйлестіріледі.
РКС: Аймақта тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны қызмет көрсетеді. Ол арқылы ата-аналар мен балалар кез-келген уақытта білікті мамандардан психологиялық көмек ала алады. Қажет болса, жеке қабылдауға жіберіледі. Мамандардың айтуынша, уақытылы көрсетілген психологиялық көмек баланың эмоционалдық күйіндегі өзгерістерді ерте байқап, ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ