Негізгі Жаңалықтар Домбырамен дараланған дарын

Домбырамен дараланған дарын


ДИКТОР: Егіндікөл ауданының тұрғыны Артем Кушнир осыдан екі жыл бұрын домбыра үйренуді қолға алып, аз ғана уақытта оны шебер меңгеріп те алған. Бүгінде ол үшін домбыра жай ғана музыкалық аспап емес, сүйікті ісіне айналды. Мектеп оқушысы ұлттық аспапта ойнауды жақсы меңгеріп келеді. Түрлі байқауларда өнер көрсетіп, алғашқы жетістіктеріне де қол жеткізді. 

ИНТЕРШУМ: күй орындайды 

РКС: Артемнің айтуынша оның домбыраға деген қызығушылығы кездейсоқ басталған. Ата-анасымен қалаға барған кезде домбыраны көріп, аспапта ойнап көрсем деген қызығушылық пайда болады. Домбыраның қоңыр үні бала жүрегін баурап, үйренсем деген ынтасы артады. Артемнің сұрауымен ата-анасы оған домбыра әпереді. Содан бері ол ұлттық өнерге ден қойып, кәсіби ұстаздан тәлім алуда. Қазір өнерпаз күрделі күйлерді үйреніп, түрлі мәдени шаралар мен байқауларға қатысуда. 

СНХ: АРТЕМ КУШНИР, ЕГІНДІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Домбыраны алғым келді, аспап өте әдемі, үні де ерекше ұнайды. Алғашында бір мұғалімнен сабақ алдым, кейін басқа ұстазға ауыстым. Маған жақсы домбыра сыйлады. Сол домбырамен үнемі ойнап жүрмін. Қазір кәсіби домбырада шыңдалып, көптеген күйлерді білемін.

РЗК: Артемнің ұлттық музыкаға деген қызығушылығын ата-анасы әрдайым қолдап келеді. Анасы Светлананың айтуынша, баласының әуестігі уақыт өте келе үлкен мақсатқа ұласқан. Бүгінде ол тәжірибелі домбырашылар орындайтын шығармаларды меңгеріп жүр.

СНХ: СВЕТЛАНА БУТЬКОВЕЦ, АНАСЫ: Артёмнің айтарлықтай жетістіктері бар. «Бала шабыты» халықаралық байқауында гран-при иеленді. Республикалық «Алтын домбыра» байқауында бірінші орын алды. Жақында ғана сол байқауға барып келдік. Сонымен қатар «Бала шабыты» байқауында тағы екі бірінші орын алды. Көкшетауда өткен «Aqmola Fest» фестивалінде ұстазымен бірге оркестр құрамында ойнап, гран-при алды. Жеке орындауда да бірінші орын иеленді.

РЗК: Артем болашақта домбыра өнерін кәсіби деңгейде меңгеруді армандайды. Ол тек бір аспаппен шектелгісі келмейді. Қазірдің өзінде фортепианода ойнауды бастап, скрипканы меңгеруді де жоспарлаған. Арманы – музыка саласында білім алып, шығармашылық жолын шыңдау. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу