Негізгі Жаңалықтар Теңге ілу спортынан республикалық чемпионат өтті

Теңге ілу спортынан республикалық чемпионат өтті


ДИКТОР: Ақмола облысында ұлттық мұрамызды ұлықтаған айтулы спорт мерекесі өтті. Жастар арасында Теңге ілу ұлттық спортынан бірнеше түрі бойынша ұйымдастырылған республикалық чемпионатқа елдің әр өңірінен жиналған 40-тан астам сайыпқыран спортшы қатысты. Биыл 20-ншы рет жалауын көтерген дүбірлі дода ұлттық ат спортының өрісін кеңейтіп, жастардың рухын шыңдаған маңызды жарысқа айналды. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Өңірде ұйымдастырылған теңге ілу сайысы ұлттық ат спортының «Қос құлаш», «Бес белес» және «Алтын тұяқ» сынды 3 бағыты бойынша өтті. Байрақты бәсекеге 7 облыс пен Шымкент, Алматы қалаларынан келген шабандоздар қатысып, ат үстіндегі ептілігі мен шеберлігін сынға салды. Дода барысында спортшылар бар күш-жігерін көрсетіп, ұлттық өнердің айрықша болмысын паш етті.

STAND-UP: РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ТІЛШІ: Дәл қазір доданың қызған шағы. Теңге ілу спортынанан «Қос құлаш» стилінің ақтық кезеңі өтуде. Мұнда 18-20 жас арлығындағы 10-нан астам спортшы бақ сынауда. Бұл ақтық сын шабандоздардың тек шеберлігін ай қындап қана қоймай, қазақстан Республикасының құрама командасының қатарын толықтыруға мүмкіндік бермек.   

РКС: Мейіржан Жұмаш жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас та дарынды шабандоз. Ол ұлттық ат спортымен айналысып келе жатқанына 5 жылға жуық уақыт болған. Осы аралықта жинаған тәжірибесі мен табандылығының арқасында талай додада топ жарып, биік белестерді бағындырды. Жас болғанына қарамастан, тәжірибесінің аздығы оның жігеріне тосқауыл бола алмады. Керісінше, әрбір жарыс оны шыңдап, шеберлігін арттырып, жаңа жеңістерге жетелеп келеді.

СНХ: МЕЙІРЖАН ЖҰМАШ, ТЕҢГЕ ІЛУ ҰЛТТЫҚ ОЙЫННЫҢ СПОРТШЫСЫ: Алла қалауымен бүгін бірінші орын нәсіп етті. Біздің жылқы есімі Қоянқасқа. Ол 2-3 жыл болды шауып жүргеніне. Аллаға шүкір қазір ол ат әлем чемпионы, біраз деңгейі бар үлкен. Құдай қаласа алдыңғы жарыстарға үлкен дайындықпен келеміз. 

РКС: Ұлттық спорттың абыройы мен айбыны жыл өткен сайын артып, оның ауқымы кеңейіп келеді. Әсіресе, жастардың төл өнерге деген қызығушылығы артып, ат спортына деген ынта-ықыласы айрықша байқалуда. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде жас шабандоздарды баулып, ат үстіндегі шеберлігін шыңдайтын жиырмаға жуық спорт клубы жұмыс істейді. Бұл клубтар – ұлттық рухты дәріптеп, ел намысын әлемдік аренада қорғайтын, көк туымызды биікте желбірететін дарынды спортшыларды тәрбиелейтін алтын бесік.

СНХ: НҰРКЕН БАЙБӨРИЕВ, АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Қазақстан бойынша қазір 18 спорт клубы бар. 13 спорт мектептері жұмыс істеп жатыр. Әр спорт клубтарында, бұл спорт түріне қабылдау 10 жастан қабылдауға рұқсат етілген. 10 жастан 15 жасқа дейін алғашқы дайындық топтары болады. Солай топ-тобымен өсу дайындықтары болады. Бұл әлемдік деңгейде даму да жолға қойылып жатыр. Биыл 4-ші Азия кубогы өтті. 2 рет Әлем чемпионы өтті. 

РКС: Айта кетейік, бұл чемпионат 2 күнге жоспарланған. Бүгінгі додада спортшылар «Қос құлаш» және «Бес белес» стильдері бойынша бақ сынап, үздіктерін анықтады. Ал теңге ілудің «Алтын тұяқ» стиліндегі тартысты жарыс ертең көпшілік назарына ұсынылмақ. Бүгінгі бәсекеде жеңістің туын желбіреткен жеңімпаздар Мейіржан Жұмаш пен Саят Бақтыбай Шымкент қаласының намысын қорғаған шабандоздар.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу