65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден уақытылы өтуі тиіс
ДИКТОР: Жүргізуші куәлігінің қолданылуы медициналық тексеруден өтпеген жағдайда уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл талап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Жаңа тәртіп 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Алайда жүргізушілер Көкшетауда медициналық тексеруден өту қиындық туғызып отырғанын айтуда. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Кей тұрғындардың айтуынша, емханалардағы қабылдау орындарының шектеулігі салдарынан медициналық тексеруден уақытылы өту мүмкін болмай отыр. Бұл мәселені көкшетаулық жүргізуші Мерген Махметов те көтерді. Оның сөзінше, бірнеше күннен бері дәрігерлердің қабылдауына кіре алмай жүр.
СНХ: МЕРГЕН МАХМЕТОВ, ЖҮРГІЗУШІ: Ішкі Істер Министрлігінің соңғы қаулысына сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер қосымша медициналық тексеруден өтуі керек. Бірақ мен үшінші күн қатарынан емханаға кіре алмай жүрмін. Емхана таңғы сегізден кешкі төртке дейін ғана жұмыс істейді, күніне небәрі 30 адам қабылдайды. Бұл тек қаламыздың емес, бүкіл Қазақстандағы мәселе деп ойлаймын. Өйткені көптеген емханалар бірыңғай республикалық ақпараттық жүйеге қосылмаған әрі дәрігерлер де жетіспейді.
РКС: Полиция өкілдерінің айтуынша, екі жыл сайынғы медициналық тексеру талабы жаңа емес. 25 тамыздан бастап өзгеріс тек медициналық тексеруден уақытында өтпеген жағдайда жүргізуші куәлігінің қолданылуын уақытша тоқтату тетігіне қатысты.
СНХ: ДИНИЯ БАЙДРАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПРОЦЕССИНГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА МЕМЛЕКЕТТІК АВТОИНСПЕКТОРЫ: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтуге міндетті. Бұл талап 2014 жылдан бері қолданыста. Ал 25-ші тамыздан бастап жүргізуші медициналық тексеруден уақытында өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің қолданылуы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл жүргізуші куәлігінен айыру емес. Медициналық тексеруден өткеннен кейін көлік басқару құқығы автоматты түрде қайта қалпына келеді.
РКС: Медициналық тексеруден мемлекеттік те, лицензиясы бар жекеменшік медициналық ұйымдарда да өтуге болады. Ал анықтама туралы мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерге автоматты түрде енгізіледі. Медициналық тексерудің тәртібін дәрігер түсіндірді.
СНХ: ІЛИЯС МҰҚАЖАНОВ, БАСТАПҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕРІ: Көлік жүргізуге арналған медициналық құжат - справка 073у формасы өзгерісте қазір. 65 жасқа жеткен кісілер әрбір 2 жыл өткен сайын медициналық справканы жаңартып отырулары қажет. Егер де бұл кісілер осы справканы өтпесе, онда олар база данныхтан алынып қалады. Оған ешқандай штрафтар көрсетілмеген. Жүргізуші куәлігі керек азамат өзінің тіркелген мекемесіне барса болады немесе қандай да жекеменшік медициналық мекемелер болса, соларға барып, осындай справка өтуге болатын мамандар болса, сол жерден өте алады. Хирург, окулист, офтальмологты өтеді, ЛОР, невропатологты өтеді. Және ең бастысы псих-нарко есепте тұрмаулары қажет.
РКС: Қағаз түріндегі анықтаманы өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Медициналық тексеруден уақытында өтпегені үшін айыппұл қарастырылмаған. Алайда жүргізуші куәлігінің қолданылуы уақытша тоқтатылмас үшін медициналық тексеруден уақытылы өту қажет. Жаңа талаптың негізгі мақсаты жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ