ДИКТОР: Шалғайда орналасқан Жақсы ауданы негізінен егін, мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Ауданға инвестиция тарту биыл біршама қарқын алған. Өңірдегі 25 ауылда көші-қон мәселесі тұрақты. Көктемгі егіс науқанын да мерзімінде аяқтап шықты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы жоспарлары қандай? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралина журналистердің сауалдарына жауап беріп, алда атқарылар жұмыстар жайын баяндады.     

РКС: Жақсы ауданында 19 мыңнан астам адам тұрады. Аграрлық бағыттағы аудан болғандықтан, шаруашылықтың басым бөлігі жермен жұмыс істейді. Жалпы егіс көлемі 499,4 мың гектар. Оның 450,4 мың гектарына дәнді дақыл егілді. Майлы дақылдардың егістік көлемі 48 мың гектарға ұлғайып, мал азықтық дақылдар 6,6 мың гектар алқапқа кеңейген. Егіс науқаны уақытында аяқталды. 

СНХ: АЛМАГҮЛ ҚАДЫРАЛИНА, ЖАҚСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Биыл бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде құны 10 млрд теңгені құрайтын астық қабылдау пункттері бар, оларды жыл соңына дейін жүзеге асырамыз. Сонымен қатар жобалау деңгейінде тұрған инвестициялық жобалар бар. Аудан аумағы мен Жақсы поселкесінде де жаңа астық қабылдау пункттері бой көтереді. 

РКС: Ауданның инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарын жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып жатыр. Ауданда 25 ауыл бар. Көші-қон мәселесі де тұрақты. Тек мектебі жабылып қалған бір ауылдың ғана таралып кету қаупі бар. Елді мекендерге су тарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр. 

СНХ: АЛМАГҮЛ ҚАДЫРАЛИНА, ЖАҚСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Халықтың көшуі медицинаның жақсаруымен баяулады. Облыс әкімінің қолдауымен және Үкіметтің «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында қазір кадрлар тапшылығы жойылды. Өткен жылы біздің ауданға 7 дәрігер көшіп келді. Өткен жылға дейін облыс бюджетінен 5 млн теңге, ТНК Агрофирмасы 3,5 млн теңге және біз жергілікті бюджеттен өз қаржымызды бөліп келдік, баспанамен де қамтыдық. Биылдан бастап өңір басшысы облыстық бюджеттен ауылға жұмысқа барғысы келетіндерге 8,5 млн теңге төлей бастады.

РКС: Брифинг барысында журналистер Жақсы ауданының сақалды құрылысына айналған дене шынықтыру және сауықтыру орталығының қолданысқа берілу уақытын сұрады. 2019 жылдан бері салынып бітпей келе жатқан спорт кешенін қыркүйек айында пайдалануға береміз деп уәде етті аудан әкімі. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ