ДИКТОР: Щучинск қаласындағы зауыт ауа мен сұйықтықтарды тазартуға арналған өнеркәсіптік сүзгілер өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы осы саланың жетекші өндірушілерінің бірі саналады. Серіктестіктің өнімдеріне еліміздің ірі кәсіпорындары тұрақты түрде тапсырыс береді. Оларды өнімнің жоғары сапасы, жеткізудің жеделдігі және импортқа тәуелсіздігі қызықтырады. Алдағы уақытта Бурабай ауданында өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір компания Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығып, өз өнімдерін экспорттай бастады.

РКС: Өнеркәсіп орындарынан бөлінетін зиянды шығарындылардан қоршаған ортаны қорғау, халық көп шоғырланған орындардағы ауаның сапасын жақсарту және медициналық мекемелерде стерильді тазалықты қамтамасыз ету. Щучинск қаласындағы зауыт өндіретін сүзгілер осы міндеттің үдесінен шығып отыр. Кәсіпорын өнімдері осы талаптардың барлығына сай келіп, түрлі салаларда кеңінен қолданылып келеді. Зауыт өндірісті жергіліктендіруге ерекше мән береді. Компания шетелден тек негізгі шикізат – сүзгілеуші матаны ғана импорттайды. Ал өнімнің қалған барлық компоненті Қазақстанда өндіріледі. Бұл өндірістің отандық үлесін арттырып қана қоймай, жеткізу мерзімін қысқартып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

СНХ: ТАҢАТ ЖАҢАЛЫҚ, ӨНДІРІСТІК ФИЛЬТРЛЕР ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ; Үш бағытта жұмыс жасаймыз. Аспирациялық фильтрлер, сүзгілер. Су сүзгілер және өнеркәсіптік, горнодобыча сүзгілері. Олар салфетка деп аталады. Аспирациялық желіге сүзгілер олар рукав деп аталады бізде. Бізде мына жерде қыздар рукав-фильтры тігіп жатыр. Бізде рукав фильтрлер 80 процент автоматты өндіріс желісінде шығарылады. 20 процент мынау қыздар өндейді. Бас жағын және соңғы жағын тігеді. Анау жыл ғана автоматтандыру болды. Ол жылы біз 150-200 мың ғана шығарсақ, 300 мың фильтрлерге дейін шығара аламыз. 

РКС: Автоматтандырылған желінің іске қосылуы зауыттың өндірістік қуатын бірнеше есеге арттырды. Қол еңбегіне деген қажеттілік айтарлықтай азайды. Дегенмен, кәсіпорында жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Себебі өндіріс тоқтап тұрған жоқ, керісінше қарқынды дамып, жеткізу географиясын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуде.

СНХ: ИНДИРА НҰРЛАН, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ: Бүгінгі күнде біз Орталық Азиядағы бірегей ірі өндірістік фильтрлер зауыты болып табыламыз. Шамасында 40 жұмысшылар жұмыс істейді біздің компаниямызда. Біздің фильтрлеріміз ауаны зиянды қалдықтардан және сұйықтық бөлек жаратын өндіріс болып табылады. Бізде 4 цехымыз бар. Бүгінгі күнде біз ірі кәсіпорын өндіруші компаниялармен жұмыс істейміз. Және де өткен жылы, 2025 жылы біз Қазақстандағы ең үздік өндірістік тауар номинациясын ұтып алдық. 

РКС: Компания ауа сүзу саласында 15 жылдан астам табысты қызмет етіп келеді. Бүгінде зауыт өнімдері ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында, жеңіл және ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарында, сондай-ақ ауруханалар мен білім беру мекемелерінде кеңінен қолданылады. Серіктестіктің өкілдіктері Бурабай ауданында ғана емес, Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Өзбекстанның Ташкент қаласында да орналасқан.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҮЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ