ДИКТОР: Қалада шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әсіресе Копа көлінің жағалауында демалушылар саны күрт артқан. Мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, күн сайын рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Қопа көлінде құтқарушылар демалушылар көп шоғырланатын орындарды тұрақты бақылауда ұстайды. Жағалауды және су айдынын патрульдеп қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді. Мамандардың айтуынша, суға кету оқиғаларының басым бөлігі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: РОМАН ШЕВЧЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жыл сайын 1 маусымнан шомылу маусымы басталады. Жедел-құтқару жасағы облыстағы бірнеше көлге жауап береді. Қалалық жасақ Қопа көлінде қызмет етеді. Құтқарушылар көл аумағын және жағажайды тұрақты түрде бақылап, рейдтер жүргізеді. Демалушылармен сөйлесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді, профилактикалық жұмыстар атқарады. Өкінішке қарай, жыл сайын суға кету оқиғалары тіркеледі. Көп адам өзін жақсы жүзушімін деп санайды. Кейбірі ішімдік ішкеннен кейін жағалауға жақын жүзудің орнына тереңге қарай бет алады. Мұндай жағдайларда құтқарушылар дер кезінде әрекет етеді. Соңғы жылдары тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына деген көзқарасы жақсарып келеді. Көпшілік ережелерді сақтауға жауапкершілікпен қарайды. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын елемейтіндер әлі де бар.

РКС: Қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Азамат Ілиясов бөлімшеде он жылдан бері қызмет етеді. Оның айтуынша, жаз мезгілінде құтқарушылардың жұмысы көбейеді. Сондықтан профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылады.

СНХ: АЗАМАТ ІЛИЯСОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ: Кезекшілікке түскен кезде адамдардың суға кетуінің алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіледі. Азаматтармен түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Бекітілген кестеге сәйкес күн сайын жадынамалар мен парақшалар тарата отырып, түсіндіру әңгімелері жүргізіледі. Қопа көлінің акваториясында да рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Қазір шомылу маусымы басталғандықтан, су айдынында адамдар өте көп. Сондықтан әр адамның қауіпсіздігі бақылауда болу керек.

СНХ: МИРАС ЖӘРКЕНБАЙ, ҚАЛА ҚОНАҒЫ: Терең жерлерден мүмкіндігінше алыс жүрген дұрыс. Суға бірден секірмеу керек, сондай-ақ білмейтін жерлерге бармаған жөн. Жалпы, өте сақ болған дұрыс.

РКС: Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірде 102 құтқарушы, 20 техника жұмылдырылып, 32 жүзу құралы мен құтқару жабдығы жасақталған. Былтыр облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес 16 ресми жағажай тіркелсе, биыл олардың санын арттыру мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жалғасуда. Қазір өңірде 31 жағажай тіркелген.

СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Былтыр облыс аумағында суда 10 адам қаза тапты, оның екеуі бала. Биыл шомылу маусымы басталғалы үш қайғылы оқиға тіркелді. Олардың екеуі бала. Атап айтқанда, Атбасар ауданында жасөспірім, Қосшы қаласында бала және Зеренді ауданындағы Ивановка ауылында бір ер адам суға кеткен. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері тыйым салынған орындарда шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, өз мүмкіндігін асыра бағалау, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және алкогольдік ішімдіктерді ішіп жүзу.

РКС: Қопа көлінде шомылу маусымы басталғалы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Құтқарушылар күнделікті рейдтер жүргізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар судағы қайғылы оқиғалардың алдын алудың басты жолы – ережелерді қатаң сақтау және балаларды қараусыз қалдырмау екенін ескертеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ