ДИКТОР: Соңғы жылдары Атбасар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай үдеп келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда 21 процент артып, аграрлық әлеуеттің нығайғанын көрсетті. Өнеркәсіптік өнім көлемі 24 процент артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 40 пайызға жуық өскен. Инфрақұрылым жаңартылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар мен игі бастамалар да жүзеге асырылып жатыр.
РКС: Аудан экономикасына 29 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 82 млрд теңгеге жетті. Агроөнеркәсіптік кешен аудан экономикасының жетекші саласының бірі. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,8 млрд теңгені құрады. Биыл 460 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңіріліп, көктемгі егіс науқаны сәтті аяқталды.
СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтыр соңғы 15 жылда алынбаған өнімге қол жеткізілді. Егіннің шығымдылығы гектарына 17 центнерден айналды. Бұған минералдық тыңайтқыштарды кеңінен қолдану оң әсерін тигізіп, өнімнің сандық қана емес, сапалық көрсеткіштерінің де жақсаруына ықпал етті. Бұл нәтижелерге мемлекеттік қолдау жобалары үлкен септігін тигізді. Атап айтқанда, «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, құны 5 млрд теңгеден асатын ауыл шаруашылығы техникалары лизинг арқылы сатып алынды.
РКС: Мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында «Бастау» серіктестігінде құны 7,5 млрд теңгені құрайтын сүт-тауарлы фермасын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында Германиядан 900-ден астам голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып әкелу жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымы кеңейтілуде. Жалпы сақтау сыйымдылығы 700 мың тоннадан асатын лицензияланған 12 элеватор жұмыс істейді. Элеваторлардың сыйымдылығы ұлғайтылып, майлы дақылдарды сақтауға арналған жаңа қоймалар іске қосылмақ.
СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру мақсатында аудандағы қолданыстағы 5 элеватордың сақтау қуаттылығын арттыру жоспарланған. Соңғы жылдары алғаш рет аудан аумағында 50 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды сақтауға арналған қосымша қойма салынбақ. Бұл жобалар «ХПП Лана» және «Нан Абыройы» серіктестіктерінің базасында жүзеге асырылмақ. Жобалар толық іске асырылғаннан кейін ауданның жалпы сақтау сыйымдылығы 900 мың тоннадан асады. Майлы дақылдарды қайта өңдеу бағытында тәулігіне 200 тонна өнім өңдейтін «ALTAN GROUP 2021» серіктестігін тамыз айында іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, бірнеше шаруашылықтың өндірістік жабдықтарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
РКС: Өнеркәсіп өндіру саласында да ілгерілеушілік байқалады. «Аждар и К» серіктестігіндегі вагон-дөңгелек шеберханасының іске қосылуына байланысты жұмыс көлемі артты. 200 тонна өнім шығаратын асфальт зауыты іске қосылып, 40-тан аса аудан тұрғыны жұмыспен қамтылды. Бұл кәсіпорын биыл Атбасарда бетон зауытын салуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс биыл 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, 8,6 млрд теңгенің инвестициялық 12 жобасын іске асыру көзделген. Аудан тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Жылу беру маусымы ешқандай тығырықсыз аяқталды. Қазір алдағы маусымға дайындық жұмыстары қыза түскен. Атбасар қаласын сапалы орталықтандырылған жылумаен қамту мақсатында орталық қазандық жаңартылуда. Жоба құны 8,3 миллиард теңге. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы аясында ауданға 12 маман тартылды. Олардың әрқайсысына 5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Денсаулық, білім, мәдениет пен спорт салаларында да оғ өзгеріс байқалады. Атбасар қаласында жаңа спорт кешенінің жобасы әзірленуде, жеке инвестиция есебінен 160 орындық кинотеатр салу да жоспарланып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ