ДИКТОР: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Тәуелсіз Қазақстан Конституциясының тарихына аз-кем көз жүгіртсек.
РКС: Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Бүкілхалықтық референдум өтіп, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Ата Заңнан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. 1995 жылы желтоқсанда қос палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді. Араға үш жыл салып, қазанның 7-де Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енді. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты. Ал 2007 жылдың 21-ші мамырында Қазақстанның елордасы Астана қаласы екені Конституцияға енгізілді. Президент енді 7 жыл емес, 5 жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ президенттікке кандидат Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды. Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін артып, 98 депутат жалпыға бірдей, тең және төте сайланатыны және қалған 9 депутатты Қазақстан Халқы ассамблеясы сайлайтыны жазылды. 2011-ші және 2017-ші жылдары Ата заңның кей баптарына өзгерту енгізілді. 2019 жылы наурыздың 23-де еліміздің тұңғыш Президенті мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша президент болды. Сол күні ол ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынып, парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады. 23 наурызда Президент заңға қол қойды. Одан соң 2022 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты жалпыұлттық референдум өтті. Оның нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Дәл осы жылы қыркүйекте Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді. Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс қайта енгізіліп, бір мерзімге ғана сайланатыны және бұл ереженің енді өзгермейтіні айқындалды. Конституциялық соттың өкілеттігі 6 жылдан 8 жылға дейін көтеріліп, бір судья тек бір рет тағайындалатыны жазылды.
ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ