ДИКТОР: Биыл көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл. Айтулы датаға орай Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі Көкшетауға келді. «Ыбырай Алтынсарин мұрасы: педагогикалық және рухани-адамгершілік аспектілері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ел зиялыларын бір мақсат, бір мүдде төңірегіне топтастырды. Ақмола өңіріне арнайылап келген меймандар ұлт ұстазының баға жетпес рухани мұрасын паш еткен көшпелі көрме ұсынды.

РКС: Жиында Ыбырай Алтынсарин еңбектеріндегі адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, имандылық пен отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтардың бүгінгі тәрбие кеңістігіндегі маңызы айрықша аталды. Спикерлер ағартушы идеяларының ХХІ ғасырдағы білім беру реформаларымен ұштас екенін атап өтті. Жиын барысында қатысушылар пікір алмасып, Ыбырай мұрасын насихаттау, педагогикалық қағидаттарын мектеп бағдарламаларына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Бүгінгі күні Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев та білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне айрықша мән беріп отыр. Ыбырай Алтынсарин заманындағы білім беру ең бірінші ол сауат ашудан басталса, әліппе танытудан басталса, ендігі заманның білім беру мәселесі жаңағы ғылыми жетістіктерді, технологияларды игеруге кеп саяды. Сондықтан біздің ұлтымыздың, біздің халқымыздың білім беруінің бастауын жаңағы Ыбырай Алтынсарин бабамыздың еңбектерінде жатқандығын, соның қадамында жатқандығын біз жақсы білеміз.

РКС: Көшпелі көрме ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 30-ға жуық құнды жәдігерді жұртшылық назарына ұсынды. Экспозицияда оның жеке заттары, төл еңбектерінің түпнұсқалары, алғашқы мектептерінің қоңыраулары мен кірпіштері, сирек кездесетін фотосуреттер мен естеліктер топтастырылған. Ағартушының өмір жолы, педагогикалық қызметі мен рухани мұрасы кеңінен баяндалып, тың деректер ұсынылды. Сондай-ақ Ыбырайдың кириллица қарпімен жазылған өлеңдері мен атасы Балғожа бидің хаттары көрініс тапқан.

СНХ: МАРҒҰЛАН ОСПАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ: Мәлік Ғабдуллин музейіменен Ыбырай Алтынсарин музейі бұрыннан тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Оған дәлел 2017 жылы өзара бір-біріменен келісім шарты, ынтымақтастық келісім шарты. Иісі қазақтың Ыбырайды білмеуі мүмкін емес. Алаштың алғашқы ағартушысы Алтынсарин, егер Ыбырай болмағанда Алаш арыстары да болмас еді деген негіз үнемі айтылып жүреді. Себебі, Ыбырайдың ашқан мектептерінен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, секілді ұлт көсемдері оқып тәрбиеленді. Тіпті әрбірдесін Ыбырайдың жазған «Қырғыз хрестоматиясын» оқып өскендер, осылардың барлығы.

РКС: Жиынға Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері атанған 15-ке жуық көкшетаулық ұстаз қатысты. Солардың бірі – саналы ғұмырын білім саласына арнаған Сандуғаш Бралина.

СНХ: САНДУҒАШ БРАЛИНА, С.ЖҮНІСОВ АТЫНДАҒЫ №18 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Әрине бұл төсбелгіні алу қай мұғалімге болмасын ол оңай іс-шара емес. Себебі кез келген адам үлкен сара жолдан, тар жол тайғақ кешуден деп айтуға болады, балаларға білім беру, оқушылардың жүрегінен орын ала білу, оларды біліммен сусындату деген кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ұстаздың еңбегі ол оқушылардың арқасында. Оқушылардың жүрегінде білімге деген сәуле болса, сол сәулені өзіміз жандандырып, әрі қарай жарқыратуға тырыссақ, ұстаздың еңбегі жанады. Сондықтан осы Ыбырай Алтынсариннің рухы өшпесін, ары қарай жарқырап жүре берсін дегім келеді.

РКС: Арқа төріндегі қос өңір – Қостанай мен Ақмола арасындағы рухани байланыс бүгінде жаңа серпіліске қадам басып отыр. Тағылымды шара ұлт ұстазының рухани мұрасын жаңа көзқараспен зерделеуге жол ашып, ағартушылық идеялардың өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ