ДИКТОР: Көкшетауда «Болашақ - таңдаудан басталады» атты есірткіге қарсы форум өтті. Ауқымды шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар мен жастар қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Синтетикалық есірткі - жаһандық сипат алған қоғам дерті. Бұл дерт елімізде де белең алып барады. Қолға алынған шаралар мен қатаң жазаларға қарамастан, тұтынушылар мен тасымалдаушылар саны тыйылар емес. Ең алаңдатарлығы - бұл дерт жастар арасында кеңінен таралуда. Мамандардың айтуынша, есірткіге байланысты қылмыстар көбіне 15 пен 38 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жалпы, жыл басынан бері аймақта 72 құқық бұзушылық анықталып, 13 келіден астам есірткі заты тәркіленген.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: Қаңтардың 1-інен бастап Қылмыстық кодекстің 301-бабына енгізілген өзгерістер заңды күшіне енді. Аталған бап бойынша бүгінде 5 адам ұсталды. Былтыр есірткіге қатысты 313 құқық бұзушылық анықталды, оның 172-сі – есірткі қылмысы. Заңсыз айналымнан 396 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Оның 23 келі 700 граммы – синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 10 зертхана жойылды, оның екеуі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Ақмола облысы аумағына есірткі жеткізумен айналысқан 6 арнаның жолы кесілді.

РКС: Форум барысында нашақорлықпен күрестің амал-тәсілдері сөз болды. Мамандар жастарға қоғамдық дерттің әлеуметтік салдарын түсіндіріп, бейнероликтер көрсетті. Сондай-ақ жастарды дұрыс таңдау жасап, заң талаптарын сақтауға шақырды.

СНХ: ҚУАНДЫҚ ӘЛЖАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде есірткі қылмысы цифрлық кеңістікке ойысты. Қылмыстық топтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы құқықтық сауаты толық қалыптаспаған жастарды арбап, оңай жолмен ақша табу жолымен заңсыз әрекетке тартады. Алайда есірткі қылмысына қатысты жаза өте қатаң. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай қылмыс үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Сондықтан жастарды бұл қауіптен қорғау үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып келеді. Былтыр профилактика жылы аясында еліміздің жартысынан астам өңірінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

РКС: Форумда тәуелділікпен күресіп жүрген азаматтар да өз тағдырымен бөлісті. Солардың бірі - Абылай Хабулов. Ол қызығушылықтан басталған әрекет уақыт өте келе өмірін түбегейлі өзгерткенін айтады. Қазір әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығында ем қабылдау үстінде.

СНХ: АБЫЛАЙ ХАБУЛОВ, ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІ: Бұл дертпен күресіп келе жатқаныма 7 жылдай болып қалды. Есірткіге тәуелділіктің салдарынан 3 рет жұмысымнан айырылдым. Өмірімнің іргесі сөгіліп, отбасымның шырқы бұзылды, жұбайыммен ажырастым. Үш балам бар. Бірақ ең жанға бататыны - бүгінде балаларыммен еркін қауыша алмаймын. Қазір мен оңалту орталығында ем қабылдап жатырмын. Бір жылға жуық уақыттан бері ремиссиядамын. Әр күнім өз-өзіммен күрес. Жастарға айтарым, өмірде түрлі қиындық пен сынақ кездеседі. Қандай жағдай болмасын, есірткіге әлсіздік танытпау керек. Бұл - тығырыққа тірейтін, салдары ауыр жол. Оған түсу оңай болғанымен, одан шығу өте қиын.

РКС: Бүгінде елімізде есірткіге қарсы заң да күшейтіліп, кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнайы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті жұмыс істейді. Атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен, бұл індеттен толық құтылу үшін жастар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстары әлі де қажет. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ